Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кейбір өңірде аумақтық әскер қатарына шақырылғандардың саны болжанған шектен асып кеткенін айтты.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қазір еліміздің барлық өңірінде аумақтық әскерлер жасақталып жатыр. Сарбаздардың алды міндеттеріне кірісіп те кетті. Олар коронавирус індетімен күрес жұмыстарына жұмылдырылуда.
Осы ретте қиын-қыстау шақта сапқа тұрғандардың басым бөлігі өз еріктерімен сұранып келген азаматтар екенін ерекше атап өткім келеді. Тіпті, кейбір өңірде шақырылғандардың саны болжанған шектен асып кеткен. Елге қызмет етуге ниет білдірген жастар жергілікті жерлердегі әскери комиссариаттарға әлі де келіп жатыр, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Мәулен Әшімбаев ел басына күн туған кезеңде көпшілікке үлгі көрсеткен ерікті сарбаздар арасында танымал спортшылар мен өнер жұлдыздары да аз емес екенін мәлімдеді.
Олардың қатарында көк туымызды ринг пен сахнада бірдей желбіретіп жүрген Ибрагим Ескендір бауырымыз бар. Қол күресінен халықаралық сайыстарда ел намысын абыроймен қорғай білген Тимур Сыпатаев та ел үшін еңбек етуге даяр екенін білдірді, - деді Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, запастағы офицерлер қандай жұмыс болса да дайын екенін айтып, қатарға қосылып жатыр.
Елордада ағайынды төрт бірдей жігіттің өз еріктерімен арнаулы жиынға келіп, әскерге алынғанын осы әлеуметтік желі арқылы біліп жатырмыз. Мұның бәрі нағыз елдік пен бірліктің жарқын көрінісі екені сөзсіз. Шын мәнінде, біз ел басына күн туғанда атқа қонған қайсар халықтың ұрпағымыз. Жастарымыз қазіргідей сын сағатта жұдырықтай жұмылу арқылы соны айқын дәлелдеп берді. Әр азаматымыз осылай жауапкершілікті сезініп, Отан үшін ұйыса білсе кез келген сынақтан сүрінбей өтеміз. Ырыс-ынтымақтың арқасында бұған дейін де талай дүрбелеңнен аман қалдық. Оған тарих куә. Бұл жолы да дәл солай береке-бірлік танытып, індетті бірге еңсеретінімізге сенеміз, - деп жазды ол.