Әшімбаев: Қазақстан теңгерімді көпвекторлы сыртқы саясатты іске асыруды жалғастырып келеді

21 Желтоқсан 2022, 17:05
793
Бөлісу:
Әшімбаев: Қазақстан теңгерімді көпвекторлы сыртқы саясатты іске асыруды жалғастырып келеді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және стратегиялық серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Сенат Спикері Елші Дэниел Розенблюмді Қазақстандағы жұмысының басталуымен құттықтады. Сондай-ақ ол еліміздің АҚШ-пен ынтымақтастығы біздің мемлекеттің сыртқы саясаттағы, оның ішінде парламентаралық байланыс бойынша аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

Біз парламентаралық диалогты елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің ажырамас бөлігі ретінде қарастырамыз. Парламентшілеріміздің сапарлары өзара ынтымақтастығымызға оң серпін береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде тараптар парламентаралық қарым-қатынасты жандандыру мәселесіне назар аударды. Сенат Төрағасының айтуынша, американдық конгрессмендердің Қазақстанға сапары оларға біздің елде және өңірде болып жатқан оқиғалармен тікелей танысуға, сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимылды арттыратын нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси жаңғыртулардың нәтижелеріне тоқталды.

Қазіргі таңда Парламент және биліктің жергілікті өкілді органдары күшейтіліп жатыр. Біз тиімді, тәуелсіз және жұмыс істейтін өкілді органдарсыз теңгерімді демократиялық саяси жүйе құру мүмкін емес деген қағидаға табан тірейміз. Бүгінде Сенат жұмысындағы негізгі басымдық – Президентіміз жүргізіп отырған саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Елші Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыруларды жоғары бағалап, американдық компаниялар бірқатар бағыт бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін қажетті жұмысты әрі қарай жалғастыра беретінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы