Әшімбаев: Паралимпиада – нағыз спорт және инклюзия мерекесі

29 Тамыз 2024, 17:28
290
Бөлісу:
Әшімбаев: Паралимпиада – нағыз спорт және инклюзия мерекесі

Араға аз ғана уақыт салып, бар әлемнің назары тағы да Париж төріне ауып отыр. Өткен түнде Франция астанасында XVII жазғы Паралимпиада ойындарының алауы тұтанды, деп жазды Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – нағыз спорт және инклюзия мерекесі. Мұндай дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімі алғаш рет стадионнан тыс жерде, яғни Париждің жүрегі – Елисей мен Келісім алаңдарында өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен айтулы іс-шараға арнайы қатыстық.

Бұл Ойындарда ел намысын 44 параспортшымыз қорғайды. Ұлттық құрама Паралимпиадаға бұрын-соңды мұндай көп құраммен қатыспағанын атап өткен жөн. Атлеттеріміз спорттың 9 түрінен сынға түседі.

Ашылу рәсімінде көк байрағымызды Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, отырып ойнайтын волейболдан Қазақстанның он дүркін чемпионы Берік Ізмағанбетов пен арбада отырып билеуден әлем чемпионы, пара оқ атудан бақ сынайтын Севда Алиева ұстап шықты, - деп жазды ол.

Әшімбаев: Паралимпиада – нағыз спорт және инклюзия мерекесі

Паралимпиадалық қозғалыс жай спорт жарысы емес. 

Ол – бүкіл әлемді теңдікке, бірлікке және өзара құрметке бастайтын тағылымы терең философия. Бұл құндылықтар Қазақстан да табан тірейтін негіз екені анық.

Шын мәнінде, параатлеттердің жеңіс жолындағы қажыр-қайраты баршамызға рух беріп, бәрімізді жігерлендіреді. Сондықтан оларды қолдау – маңызды міндет.

Осы ретте ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасау және инклюзия мәдениетін дәріптеу Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан жүйелі реформалардың басым бағыттарының бірі екенін атап өткен жөн.

Парижге сапар барысында Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулемен кездестік. Сонымен қатар Инклюзия жөніндегі халықаралық конференцияға қатыстық.

Осы орайда алдағы жарыс күндерінде Ұлттық құрамамызға сәттілік пен жарқын жеңіс тілейміз. Сіздерді де спортшыларымызға тұтас ел болып қолдау көрсетіп, жанкүйерлік танытуға шақырамын. Алға, Қазақстан!, - деді Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы