Бұл туралы Сенат отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында белгілеп берген маңызды міндеттерді іске асыру үшін Парламент ауқымды жұмыс атқаруы қажет.
Мемлекетіміз үшін аса маңызды кезеңде халық өз таңдауын жасап, дауыс берді. Осылайша ел азаматтары Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен Әділетті Қазақстан құру бағдарына бірауыздан қолдау білдірді. Отандық және халықаралық байқаушылар сайлаудың ұлттық заңнамалар мен осы бағыттағы халықаралық стандарттарға сай өткенін мәлімдеді, - деп атап өтті Сенат спикері.
Сондай-ақ бұл саяси оқиғаның ел үшін маңыздылығына тоқталды.
Бұл сайлау – Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айғақтайды. Енді алдымызда Президентіміз айқындап берген маңызды міндеттерді іске асыру жолындағы ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондықтан бәріміз бірге сайлау алдындағы бағдарламада көрсетілген басымдықтарды табысты жүзеге асыруымыз қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.