Әшімбаев: Елімізде ESG күн тәртібін жүйелі қалыптастыру қажет

17 Мамыр 2024, 17:10
406
Бөлісу:
Әшімбаев: Елімізде ESG күн тәртібін жүйелі қалыптастыру қажет
Фото: скрин

ESG қағидалары теңгерімді орнықты даму идеологиясы саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соған қарамастан Қазақстанда ESG күн тәртібін үйлестіру әлі күнге дейін орталықтандырылмай келеді. Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысында осылай деді.

Сенат Төрағасының айтуынша, қазіргі таңда ESG қағидаларын бизнеске енгізу баяу жүргізіліп жатыр. Ол әрқашан толық және жүйелі түрде бола бермейді. Кейбір ұлттық компаниялар үшін бұл PR-дың бір тетігі. Ал басқалар үшін еуропалық компаниялармен серіктестік орнату тәсілі.

Ірі компаниялар бұл қағидаларды Еуропа елдерімен және сол жақтағы серіктестермен байланыс орнату үшін енгізіп жатыр. Одан бөлек, көміртегі салығы және тағы басқа мәселелер де бар. PR бағдарлама аясында да кейбір қызметтер жүзеге асырылады. Қазір бізде ESG күн тәртібін үйлестіру әлі орталықтандырылған жоқ. Жалпы, ESG қазіргі таңдағы ережелер жиынтығы ғана емес екені түсінікті. Бұл – теңгерімді орнықты даму идеологиясы. Яғни бизнес, халық және мемлекет мүдделері арасындағы тепе-теңдікті табу идеологиясы. Бизнес қоршаған ортаны ластап, экологиялық стандарттарды бұзып, одан әрі дами алмайды. Оған ешкім жол бермейді, – деді Сенат төрағасы.

Ол сондай-ақ қоғамның мүддесі мен сұранысын ескерусіз қалдырып, әлеуметтік дамуға үлес қоспай заманауи бизнесті тиімді дамыту мүмкін емес екенін атап өтті.

ESG – бұл өмір салты және бізге осы күн тәртібін орталықтандырылған басқару қажет. Халықтың да, мемлекеттік институттардың да, сайып келгенде бизнестің де мүддесіне сәйкес келетін осы стандарттар мен принциптерді ілгерілету керек. Депутаттар энергетика секторына зиянды газ шығарындылары тұрғысынан да назар аударуы керек. Біз бұл бағытта айтарлықтай артта қалып келеміз. Талпынысымыз да аса байқала бермейді. Бұл бағытта параллель күн тәртібі бар. Сондықтан аталған салада мәселе аз емес. Алайда, бұл алдағы кезеңде талқылайтын бөлек ауқымды тақырып болатын шығар, – деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы ESG қағидаларын, яғни бизнес-ортада ОДМ-ға қол жеткізу үшін экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық тәжірибелерді енгізу проблемаларына арналды.

Өзгелердің жаңалығы