Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті достар!
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі және азаттығымыз бен еркіндігіміздің символы.
Шын мәнінде, мемлекетіміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Тәуелсіздіктің арқасында біз демократиялы, құқықтық және экономикалық мемлекет құру жолында нақты қадамдар жасап келеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында бұл мереке тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керектігін айтқан еді. Өткенге салауат айту біздің қанымызға сіңген қасиет. Сол себепті, осы күндерде біз елдік пен егемендік жолында құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, ұлт мұраты үшін еселі еңбек еткен жандардың өнегелі өмірін дәріптеуге баса мән береміз.
Алдағы уақытта Тәуелсіздік күнінің мәні бұдан да тереңдей түсетіні сөзсіз. Сондықтан халқымыз үшін бұл мейрамның қашанда орны бөлек, маңызы зор болып қала береді.
Баршаңызды қастерлі мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін!
Тәуелсіздігіміз нығайып, елдігіміз асқақтай берсін!
Мереке құтты болсын!