Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі Рашад Маммадовты қабылдады.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Рашад Маммадовқа Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.
Біздің халықтарымыз арасындағы байланыс тереңнен тамыр тартады. Тәуелсіздік алғалы бері қатынасымыз өзара сенім мен түсіністікке негізделіп, жаңа мәнге және стратегиялық серіктестік сипатына ие болды. Қазіргі таңда екі елдің өзара ынтымақтастығы тарихи дәстүрге табан тіреп, барлық салада нәтижелі дамып келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан-Әзербайжан қатынасындағы маңызды тетіктердің бірі екенін айтты. Қазіргі таңда екі елдің парламентаралық байланысы екіжақты негізде де және ПА, ТМД, ТүркПА, ЕҚЫҰ ПА және Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық құрылымдар аясында да белсенді дамып келеді.
Өз кезегінде, Рашад Маммадов Сенат басшылығына Елші ретінде атқарған қызметіне қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді.