Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрін және сап түзеген сарбаздарымыздың жауынгерлік рухын дәріптейтін мереке. Осы күні Отанды сүю, елге қызмет ету, антқа адал болу сияқты қастерлі құндылықтардың да маңызы айшықтала түседі. Мұның бәрі азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырып, өскелең ұрпақтың өжет, қайсар болып қалыптасуына оң әсерін тигізетіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінде Қарулы Күштеріміз мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі екенін атап өтті. Шын мәнінде, біздің айбынды армиямыз – елдігіміз бен егемендігіміздің берік қалқаны. Сондықтан біз Отан қорғау дейтін мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келе жатқан әскерімізді әрдайым мақтан тұтамыз.
Мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, қуаныш, береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қарулы Күштеріміздің әлеуеті артып, қорғанысымыз күшейе берсін!