Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ауылшаруашылығы саласындағы проблемаларды атады.
Аграрлық секторды дамыту үшін шешуді қажет ететін бірқатар маңызды міндет бар. Атап айтқанда, биыл еліміздің кейбір өңірлерінде болған қуаңшылық жайылымдық жерлер мен жем-шөп дайындауға қатысты біраз мәселенің басын ашып берді. Жем-шөп өндірісі – ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі. Биылғы тапшылыққа ауа райымен қатар жем-шөп дақылдарына арналған алқаптардың жеткіліксіз болуы да өз әсерін тигізді, – деді ол.
Бұл ретте құрғақшылыққа төзімді агродақылдарды өсіруді ынталандыруға бағытталған кешенді іс-шараларды қолға алу керегін мамандар көтеріп жатыр.
Ұсақ шаруашылықтарды, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылық кооперацияларын дамыту аталған мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке қосалқы шаруашылық мәртебесі мен оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды айқындайтын және ұсақ тауар өндірушілердің кооперациясын дамытуға арналған тиісті заң жобасын әзірлеудің маңызы зор, – деп атап өтті Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев ветеринария саласын дамыту да маңызды екенін атап өтті.
Инфекциялық аурулардың тұрақты өршуі бұл салада проблемалар барын көрсетіп отыр. Бұл мәселелерді шешу тамақ өнімдерінің қауіпсіздік дәрежесіне және мал өнімдерін экспорттауға тікелей әсер етеді. Сондықтан Үкімет ветеринария мәселелеріне ерекше назар аударып, оларды еңсеру үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет, – деп толықтырды Сенат спикері өз сөзін.