Әшімбаев: Аралдың қазіргі ахуалы тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отыр

18 Мамыр 2021, 18:12
1926
Бөлісу:
Әшімбаев: Аралдың қазіргі ахуалы тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат cпикері Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтан қаласындағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробартпен кездесіп, Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Сенат төрағасы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан маңызды саяси реформалар жөнінде айтып өтті. Соның ішінде, сайлау туралы заңнамаларға енгізілетін өзгерістерге кеңінен тоқталды.

Биылғы 15 қаңтарда Парламенттің жаңа шақырылымының сессиясы ашылды. Сол жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саяси бастаманы ұсынды. Нақты айтқанда, саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға өту шегін 7 пайыздан 5-ке дейін төмендету ұсынылды. Сондай-ақ сайлау бюллетендеріне «Бәріне қарсымын» деген жазуды қосу мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда тиісті заң жобасын Сенат қарап жатыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сұхбаттасушылар халықаралық мәселелерге де назар аударды. Соған сәйкес кездесу кезінде Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынасын дамыту және Ауғанстанды қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Одан бөлек, әңгіме барысында екі жақ өңірде су ресурстарын пайдалану, оның ішінде, Арал теңізінің экологиялық ахуалы жайында сөз қозғады.

Арал теңізінің қазіргі ахуалы Орталық Азия елдеріндегі миллиондаған тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Біздің елдеріміз халықаралық ұйымдармен бірлесіп, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеру үшін жұмыс істеуде. Өңір елдерінің бастамасымен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істеп тұр. Қазақстан Арал теңізін қалпына келтіру бағдарламасын іске асыру аясында су көлемін ұлғайтты, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу соңында екі тарап Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендерін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы