Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізудің қыр-сырына тоқталды

31 Тамыз 2022, 14:33
1450
Бөлісу:
Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізудің қыр-сырына тоқталды

Бүгінгі геосаяса шиеленіс жағдайында келіссөздер үстелінде бас қосудың мәні айтарлықтай артып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында аталған мәселеге назар аударып, осындай кезеңде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу уақытылы және маңызды іс-шара екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев мемлекеттер арасындағы саяси ынтымақтастықтың деңгейі төмендеп кеткенін ескеріп, әлем бұл Съезге ортақ мәмілеге келуге жол ашатын қадам ретінде үлкен үмітпен қарап отырғанын атап өтті.

Кейбір мәселелер саяси тұрғыдан шешімін таппай жатса, қарама-қайшылықтар күрделене түскенде діни ұйымдар басшыларының арасында осындай диалогтың маңызы арта түсетінін байқап отырмыз. Алдағы Съезде 100-ден астам БАҚ хабар таратады. Сондықтан бұл форум әлемде ынтымақтастықты дамытуға, қақтығыстарды азайтуға, шиеленістерді жоюға ықпал етеді деп сенеміз, – деді Сенат спикері.

Сонымен қатар Съезд Хатшылығының басшысы форумның бірегейлігі мен ауқымын оған қатысушылардың саны мен секцияларының тақырыбынан да байқауға болатынын тілге тиек етті. VII Съезге 100-ден астам рухани, діни көшбасшылар және халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады. Олардың қатарында әл-Азхардың Бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм және басқа да діндердің лидерлері мен өкілдері бар. VII Съездің негізгі ерекшеліктерінің бірі оған Рим Папасы Францисктің қатысуы екені белгілі.

Жалпы, Рим Папасының Қазақстанға сапары рухани және саяси маңызы зор оқиға. Ол үнемі соғыс, кедейшілік, гендерлік теңсіздік сияқты әлемдегі ең өзекті проблемаларды көтеріп жүреді. Рим Папасының әлемдегі абырой-беделі де өте жоғары екенін білеміз. Сондықтан оның сөзіне бүкіл әлем құлақ түреді. Сол себепті Рим Папасының Қазақстанға келуі елімізге инвестиция тартуға, туризмді дамытуға және мемлекетіміздің халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Съезді қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Ол барлық шығын әлемнің басқа елдеріндегідей Қазақстанның халықаралық іс-шараларға жұмсайтын өкілдік шығыстары шегінде екенін атап өтті.

Бұл жерде ағылып-төгіліп жатқан қаржы жоқ. Біріншіден, жыл сайын республикалық бюджеттен елдің сыртқы саяси бағытын іске асыруға белгілі бір қаражат бөлінеді. Барлығы осы қаржыландыру аясында жүзеге асырылады. Сондықтан бұл жерде қосымша қаражат жұмсалып жатыр деу шындыққа жанаспайды. Екіншіден, қонақтардың бір бөлігі өз есебінен келеді. Үшіншіден, демеушілік көмек те қарастырылған. Сонымен қатар діни лидерлер ысырапшылдықты қолдамайтын және оны қабылдамайтын өте қарапайым адамдар екенін естен шығармаған жөн. Сол себепті, біз айтарлықтай қаражат жұмсап, артық шығынға ұшырап жатырмыз деуге еш негіз жоқ, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат барысында Сенат Төрағасы Съездің негізгі миссиясы бітімгершілік мақсатты көздейтінін айтты. Бұл өркениетаралық диалогты қамтамасыз ету, бейбітшілікті нығайту және әлемді алаңдатқан проблемаларды шешу жолында барлық елді ортақ мүддеге жұмылдыру үшін аталған форум бұрынғыдан да маңызды қадам екенін көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы