Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алтыншы Каспий саммиті қарсаңында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты.
Іс-шараға Иранның сыртқы саяси ведомствосының басшысы – Хосейн Амир Абдоллахиян, Ресейдің – Сергей Лавров, Түрікменстанның – Рашид Мередов және Әзербайжан СІМ басшысының орынбасары Халаф Халафов қатысты.
Каспий бестігінің министрлері Каспий теңізіндегі жағалаудағы мемлекеттер ынтымақтастығының бірқатар өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ ү.ж. 29 маусымда Ашхабад қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттерінің қатысуымен өтетін VI Каспий саммитінің Коммюникесінің жобасын келісті.
Алдыңғы Бесінші Каспий саммиті 2018 жылы Ақтау қаласында өтті, оның қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылды.