Асхат Аймағамбетов Перизат Қайрат басқарған қор жайлы білмеген

Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов Перизат Қайрат басқарған қор жайлы білмеген
Фото: Арман Мухатов - Архив

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қайырымдылық қорларын реттеу керегін айтып, Перизат Қайрат басқарған қор жайлы білмегенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайырымдылық қорларын тексеру керек деп санайсыз ба? – деп сұрады БАҚ өкілдері депутаттан.

Асхат Аймағамбетов бұл салада тәуекелдер бар екенін жасырмады.

Бұл жерде тәуекелдер бар екенін баяғыдан айтып жүрміз. Жалпы мемлекеттік қаражаттар бойынша да тиісті қорлар бар. Тіпті Самұрық-Қазынаның қайырымдылық жұмыстары бойы арнайы қоры бар. Менің ойымша, бірінші кезекте квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаражатын жақсылап тұрып қарауымыз қажет. Менің ұстанымым – бюджеттен шығатын қаражат толығымен бақылауда болуы керек. Квазимемлекеттік ұйымдар егер қайырымдылықпен айналысамын десе, ол да жақсы, бірақ бірінші кезекте ашықтық қамтамасыз етілуі қажет, - деді депутат.

Ол Самұрық-Қазына сияқты ұйымдардан бөлек, бюджеттен тыс әртүрлі қорлар пайда болып кеткенін айтты. Аймағамбетов Бюджет кодексінің талқылауына осыған қатысты түзетуді бергенін қоса кетті.

Меніңше, бірінші кезекте мемлекеттің және квазимемлекеттің түрлі қорларын есепке алып, олардың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, тәуекелдер бар. Оны саралап, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Халықтан жиналатын ақша бойынша да нақты ережелер болғаны дұрыс. Қазақстандықтар көмек беруге әрқашан дайын тұрады. Оны жауып тастап, тек бір қордан ғана жұмыс істете алмаймыз. Бірақ бұл мәселені реттеу маңызды. Жалпы өзім “жауып тастайық”, “тыйым салайық” деген шешімдерге сенбеймін. Өйткені тыйыммен көп мәселені шешу мүмкін емес. Сол себепті реттеу керек. Оны қалай реттеу керегін талқылап, оған ғылыми тұрғыдан қарауымыз қажет, - деп санайды Аймағамбетов.

Депутат ең алдымен қоғам тарапынан бақылау болуы керегін атап өтті. Оның ойынша, ашықтықты қамтамасыз ететін ережелер болуы қажет.

Мен өзім білетін қорларға қайырымдылық жасаймын. Себебі мен олардың сайттарына кіріп, есептерін көріп отырмын. Әр тиынның қайда жұмсағанын көріп отырмын. Сондықтан мен оларға сеніп, өз көмегімді көрсетемін. Кейбір қорларға сенбеймін. Сол себепті ондай қорлар арқылы қайырымдылық жасамаймын. Бұл қордың (Перизат Қайрат басқарған “Biz birgemiz” қайырымдылық қорының – ред.) бар екені туралы шын мәнінде менде ақпарат болған жоқ. Баяғыдан келе жатқан тарихы бар, мысалы, Аружан Саинның және т.б. қорларды білемін, ал бұл қор туралы менде мағлұмат болған жоқ, - деді Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Өзгелердің жаңалығы