Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында азаматтармен кездесу барысында жиі көтерілген ең өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, халық тарапынан ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты.
Қай қалаға, қай өңірге барсақ та, міндетті түрде МӘМС жайлы сұрайды, – деді депутат.
Екінші өзекті мәселе – мүгедектігі бар жандарға арналған әлеуметтік төлемдердің төмендігі.
Бірінші топтағы, яғни еңбекке толық жарамсыз азаматтардың өзі 100 мың теңгеден аспайтын төлем алады. Бұл – өте аз, – деп атап өтті Аймағамбетов.
Үшінші мәселе – азаматтық қызметкерлердің жалақысы. Депутаттың айтуынша, бұған кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, күзетшілер, есепшілер сияқты 600 мыңнан астам адам кіреді. Бұл санаттағы мамандардың жалақысы еңбек нарығындағы бәсекеге сай емес.
Төртінші мәселе – бағаның өсуі. Азық-түлік пен қызмет түрлерінің қымбаттауы – халықпен кездесулерде үнемі көтерілетін тақырып.
Бесінші өзекті мәселе ретінде тарифтер аталды. Азаматтар коммуналдық төлемдердің өсуіне шағымданып, бұл өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айтып жүр.