Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрінің бұйрығымен халықаралық іздеуде болған аса қауіпті қылмыскерді ұстаған Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Ведомство басшысының атынан марапатты жауынгерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев тапсырды.
2021 жылдың 23 қазанында елорданың «Алматы» және «Байқоңыр» аудандарында орналасқан саябақта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызметке шыққан кезде әскери жасақтар бойынша кезекші лейтенант Айбек Слямхановқа полиция қызметкерлерінен халықаралық іздеуде жүрген 1992 жылғы А. есімді азаматтың сипаттамалары келеді.
Әлгі азамат ақпарат бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Президент саябағында жедел топтан жасырынып жүрген және өзімен бірге қаруы болған. Аталған сипаттаманы офицер патрульдік топ бастығы сержант Бекжан Дәулетбайға және жақын маңдағы әскери жасақтарға жібереді.
Сағат 16.30 шамасында әскери жасақ бастығы қатардағы Мирас Мұхтар және патрульшілер Ерсұлтан Ақжол мен Жандос Кенбай полициядан қашып бара жатқан және сипаттамаға келетін адамды байқайды. Сарбаздар дереу сол жаққа бағыт алып, сасқалақтап тұрған күдіктіні жекпе-жек ұрысының әдістері мен арнайы құралдарды пайдаланып қолға түсіреді.
Кейін белгілі болғандай, аталған азамат биыл шілде айынан ҚР ҚК 99 бабы бойынша «Адам өлтіру» және 287 бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша халықаралық іздеуде болған.