Арыс: Аймақ басшысы қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды

16 Шілде 2019, 21:42
1770
Бөлісу:
Арыс: Аймақ басшысы қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша жиын өткізді. Жиынға ҚР индустрия және инфрақұрылымды даму вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі, қаладағы 17 секторға жауапты облыс, аудан өкілдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша жиында қаладағы қарқынды құрылыс жұмыстарының барысы баяндалып, жұмысты жеделдету бойынша ұсыныстар айтылды. ҚР индустрия және инфрақұрылымды даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев әрбір секторға жауапты облыстардың жұмысына тоқталып, жұмыс барысында туындаған мәселелердің шешіліп жатқандығын жеткізді. 

WhatsApp Image 2019-07-16 at 17.07.02.jpeg

"Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тартылған белсенділердің тұрақты жұмыс атқарып жатқандығын баяндады. Облыс әкімі қала тұрғындарының талап-тілектерін назардан тыс қалдырмай, жұмысты одан әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды", - делінген хабарламада. 

Түркістан облыстық полиция басқармасы басшысының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев қала тыныштығын қамтамасыз ету жұмыстарының күшейгенін, құқықбұзушылықтарды алдын алу жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқандығын айтты.

"Жиын соңында Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарының хал-ахуалын үнемі бақылауда ұстап, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді алу барысын, құрылыс жұмыстарын жеделдетуді жүктеді", - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Өзгелердің жаңалығы