Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Простор» жазғы экспедициялық кампусына Арыс қаласынан 20 бала келді. Балалар ол жерде екі аптадан астам уақыт демалды. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
«Өскеменге келген соң таңғы астан кейін балалар медициналық тексерістен өтті. Алғашқы экскурсия пункті – университеттің зертханасы болды. Балалар ғылыми атмосферадан шабыт алып, сұрақтар қойып, технологияға қызығушылық танытты», - дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың баспасөз хатшысы Қарлығаш Қасымова.
Одан кейін балалар Бұқтырма су қоймасының жағасына демалуға барды. Мұнда оларды университет студенттері қарсы алды. Кешке балалар үшін көңілді би кеші ұйымдастырылды.
Әскери кафедра студенттері далалық лагерьді жабдықтап, балалармен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери ережелері, әскери дайындық және дене шынықтыру сабақтарын өткізді. Сондай-ақ, әскери спорттық эстафеталар ұйымдастырылып, дала клубында фильмдер көрсетілді.
«Дәл осында келгенім үшін қуанам. Айналамызды таулар мен қарағайлар қоршап тұр, өте әдемі көрініс», - дейді 8-сынып оқушысы Әсем Илехан.
Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен 220 бала Шығыс Қазақстанда демалып жатқанын айтып өту керек. Олар негізінен 6-14 жас аралығындағы балалар.