Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының Арыс қаласында жол төсемдерін жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы ұзындығы 272,3 шақырымды құрайтын қалалық жолдарды тексерген мамандар 17 сектордың 13-де жатқан 63 көшенің жамылғысында ақаулардың барын анықтады.Жолшылар автомобиль жолдарының 78,9 шақырымын, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың 46,7 шақырымын жөндеуде. Сондай-ақ, жолдардың 68,6 шақырымында жарық шамдардың 2234, трансформаторлардың 52 данасы орнатылып жатыр.
Арыс қаласындағы көшелердің жолдарын қалпына келтіру жұмыстарына 2,541 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар жуырда аяқталады деп күтілуде. Орташа жөндеуден қалалық жолдардың 90% өткен. Олардың қорытындылары бойынша Арыс қаласындағы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95% жеткізілмек.