Шымкент, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында зардап шеккендер үшін арналған әлеуметтік инфрақұрылымдарды аралап шықты. Бұл туралы Түркістан Облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook-тегі парақшасында аймақ басшысының бейнемәлімдемесін жариялады.
«Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында зардап шеккен үшін арналған әлеуметтік инфрақұрылымдарды аралап шықты. Атап айтқанда, балабақша, қалалық аурухана, ІІДАБ және тұрғын үйлерді. Алын ала келген шығын көлемі мен қаланың тыныс тіршілігін қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылданды. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде, 105 автокөлік тартылған. Арыс қаласы ІІДАБ мамандарынан басқа 345 қызметкер, 75 арнайы техника мен 51 жедел жәрдем бригадасы тартылған. ТЖ желісі бойынша Түркістан облысы мен Шымкент қаласыдағы ТЖД-ның 201 қызметкері мен 26 дана техникасы тартылды», - делінген хабарламада.Сонымен қатар, жарылыс кезінде ата-анасынан адасып қалған балаларды Шымкенттегі мешітке әкеліп табысталды.
Арыс қаласындағы бүгінгі болған жарылыс кезінде жаппай үдере көшкен халықтың бір бөлігі Шымкент қаласындағы орталық мешітке ("Бекжан" базары маңындағы "Ақмешіт") келіп орналасуда. Бұл туралы жергілікті ernur.kz басылымы хабарлады.
Шымкент қаласы орталық мешіттің бас имамының орынбасары Мұхаммеджан Естеміровтың айтуынша, қазірге дейін келіп орналасқандардың саны шамамен 500-ден асқан. Сонымен қатар, ата-анасынан адасып қалған, балабақшадан, лагерьлерден әкелінген балалардың саны 200-ге жуық. Мүмкін болғанша, ата-аналарына хабарласып, телефон арқылы ақпарат таратып жатырмыз. Балалар, әсіресе, балабақша жасындағы балалар көп. Қазір мешіттің жанындағы медресенің жатақханасын босатып, сонда орналастырып жатырмыз. Барынша көмек беруге тырысып бағудамыз. Қала халқына рахмет, сумен, азық-түлікпен көмектесіп жатыр», - дейді орталық мешіттің бас имамының орынбасары.
Аймақтық otyrar.kz басылымының хабарлауынша, жарылыстан босыған Арыс қаласының тұрғындары Шымкентке қашып келді. Бас сауғалағандар қалаға түрлі жағдайда жеткен. Көлікке сыйғандар ішіне мініп, сыймағандары үстіне жармасып жан сауғалапты.
Шымкентке күндізгі 12:00-ден өте көліктер лек-легімен ағыла бастады. Толассыз келіп жатқан жеңіл көліктерден көшелерде кептеліс те туған. Бұлардың барлығы да Арыс қаласынан жан сауғалаған жұрттар. Шыбын жанын аман алып қалғысы келгендер көлікке мініп, сыймағандар сыртына жармасып жетіпті. Олардың арасында жүксалғышта жатып келгендері де бар.
«150-200 адам бас сауғалап қаштық. Аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалар Арыстың қырында жатыр. Оларға көмек беруге ешкім келіп жатқан жоқ. Бізге беріп жатқан ешқандай да көмек жоқ. Біз қайта мына мәшинеге мініп үлгердік» - дейді арыстықтардың бірі.
Сондай-ақ, otyrar.kz көлікке қол жеткізбегендер жаяу-жалшылап Шымкентке келді деп хабарлады. Арасында көпбалалы аналар да бар.
«Қалада тұрғанның пейілі тарылып кетеді» деген сөзідің бос әңгіме екені осындайда көрінді. Мегаполис тұрғындары қалаға кірер жолда жарылыстан қашқандарға ауызсу таратып, үрейлі жұртты сабырға шақырды.
Сағат 12: 00- ден өте Шымкент қаласындағы №87 мектепке Арыстағы «Алтын тұмар» бөбекжайынан 12 бала жеткізілді. Бүлдіршіндер спорт залында емін-еркін ойнап жүр. Түсірілім барысында мектептің жанындағы №55 бала — бақшадан ыстық тамақ жеткізілді. Балалар тамақтандырылды. Әзірге екі баланы туыстары алып кетті. Солардың бірі Ермек Бақдәулеттің әжесі.
Арыстық түрғынның айтуынша, малын да, үйін де жайына қалдырып, немерлерін іздеп Шымкенттен бірақ шыққан.
Гүлфайруз Әлжұманова, тәрбиеші: «Арыстағы «Алтын тұмар» бөбекжайынан 12 баламен шұғыл түрде көлікпен Шымкентке жеткізді. №87 мектепке орналастық. Балалардың жағдайы жақсы. Біз болсақ алаңдаулымыз. Балалардың киімін де алмағанбыз. Қазір осындағы балабақшадан киім жеткіземіз деді. Рахмет, барлықтары қолдарынан келген көмекті көрсетуде. Ауылда қалғандарды уайымдап жатырмыз».
№87 мектепке жеткізілген арыстық бүлдіршіндердің тізімі:
Өмірхан Гүлім, Өмірхан Нұрым, Бимбай Маржан, Досболат Медет, Мейіржанқызы Нурикамал, Өтеген Омар, Ахметова Камила, 3 бала есімдерін айта алмады.