Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласында облыс тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті.
Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, жәрмеңкеде өнімдер нарықтағы бағадан 30%-ға арзан сатылды.
Жәрмеңкеде 150 тоннадан астам өнім жұртшылыққа ұсынылды. Өнімдердің жалпы құны 65 миллионға жуық теңгені құрайды.
"Барлық аудан, қалалардың даму басымдықтарына сай жинақталып, ұсынылған өнімдерге арыстықтар ризашылығын білдірді", - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Ет және ет өнімдерінің жалпы көлемі 47,6 тоннаны құраса, 41 тонна көкөніс, 8,4 тонна сүт өнімі, 28 тонна бақша өнімі сатылымға шығарылды. Сонымен бірге 7,5 тонна жеміс-жидек, 3 тонна балық, 14 тонна өзге де тауарлар Арыстағы жәрмеңкеге жеткізілді.
Арыс қаласын қалпына келтіру және тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мақсатында өткен кезекті жәрмеңкеде Созақ ауданының мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетіп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.