Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елорданың бой көтергеніне 22 жыл толды. Бұл күн тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елорданың дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. Бұл мерекенің құрметіне орай Арыс қаласының Мәдениет үйінде "Жайнай бер, жарқырай бер, жас Нұр-Сұлтан" атты мерекелік онлайн концерттік бағдарлама өткізілді.
Мереке барысында сахнадағы LED-экранға концерттің тақырыбы қойылды. Сахнаға шыққан жүргізуші мерейлі мерекенің маңызы туралы баяндап шықты.
Жиырма екі жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы Тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады, - деді жүргізуші.
Бұдан кейін сахнаға шыққан А.Ержанов пен Қ.Сүгірбеков рухты көтеретін "Қазақстаным" атты мерейлі әнді шырқап берді.
Кезек Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Ақмолаға ауысқаны туралы бейнебаян көрсетілді. Онда жаңа қаланың қалыптасу жолдары мен бүгінге дейін жеткен жетістіктері қамтылды. Сонымен қатар, Қазақстанның асқақ арманы іс жүзінде асырылып жатқан қазіргі Нұр-Сұлтанның болашағы жарқырай беретіні сөз болды.
Онлайн форматта өткен мерекелік шара ән-күйсіз өткен жоқ. С.Меңдіқұлова мен Ж.Искенова "Астана" әнін шырқаса, күйшілер Құрманғазының "Балбырауын" күйін нақышына келтіре орындап берді.
Іс-шараның жүргізушісі Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорданың бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес екенін айтып өтті.
Кезек "Арман қала - Астана" әнін орындайтын дуэт Ж.Искенова мен Н.Отырарға берілді.
"Концерт онлайн форматта өткендіктен шағын етіп қана жасадық. Себебі, мынадай пандемия кезінде адамдарды біріктіруге болмайтындықтан, бишілерді тарта алмадық. Қатаң ереже ұстанып, сақтанбасақ болмайды. Бірқатар әншіміз ауырып қалғандықтан, концертке қатыса алмады. Жалпы, Сарыарқаның төсінде еркелеп аққан Есілдің жағасынан орын тепкен Қазақстанның астанасын бүгінде барша әлем жұрты біледі ғой. Нұр-Сұлтан – Отанымыздың астанасы ғана емес, оның өрлеуінің, толассыз дамуының басты отарбасы, негізгі көрсеткіші. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мына індеттен аман-есен шығып, елордамыздың туған күнін ашық аспан астында алаңсыз тойлайтын күнге жете берейік, - деді Арыс қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнәр Садықова.
Онлайн форматта концертті Е.Сейілхан "Город мой" әнімен жалғастырды. Сондай-ақ, LED-экраннан еліміздің бас қаласы туралы бейнесюжеттер көрсетіліп тұрды.
Айта кетейік, осы мерекелік концертте жүргізуші Жазушылар одағының мүшесі, жергілікті ақын Мыңжасар Дәрменовтің елорданың 22 жылдығына арнап жазған сиясы кеппеген тамаша жыры көпшілікке тарту етілді.
Мерекелік концертте бұдан бөлек "Нұр Астана" және "Нұр аға" атты әндер де шырқалды.
Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздіктің тірегі, жеріміздің кіндігі – елордамыз Нұр-Сұлтан Қазақстанның жаңа бейнесі, жарқын келбеті. Көк байрағымыз желбіреп, Әнұранымыз шарықтап, қыранымыз қалықтай берсін! Елордамыз Нұр-Сұлтанның 22 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын! - деді Гүлнәр Садықова.