Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласындағы 7034 үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Оның 751-де косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай–ақ 56 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 50 білім беру, 4 денсаулық сақтау және 2 спорт нысандары бар.
"Қалада 7,5 мың адам жұмыс істейді, оның 5 мыңы тұрғын үй қорын қалпына келтіруде. Қазіргі таңда 33 апатты жағдайдағы саманды тұрғын үйдің орнына құрылысшылар кірпіш үй салды. Жалпы, сарапшылардың қорытындысы бойынша 455 жеке тұрғын үй құрылысының нысаны бұзылуға жатады. Барлық күштер қазір оларды қалпына келтіруге жіберілді", - делінген таратылған ақпаратта.
Сонымен қатар, меншік иелерінің келіспеуі себебінен 34 үйде жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Даулы мәселелерді 17 секторда бекітілген әкімдіктердің өкілдері пысықтайды.