Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 29 шілдеге қарай құрылысшылар Арыс қаласында 2707 үйді пайдалануға тапсырды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тағы 2344 үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Мұнда шатыр жөнделіп, терезелер орнатылды, кейбір нысандарда косметикалық жөндеу жүргізу ғана қалды. Бүгінгі таңда 5051 отбасы өз үйлеріне оралды.Қаланы қалпына келтіру жұмыстарын 7785 құрылысшы жалғастыруда. Бір ай бойы олардың қатары күн сайын ондаған адамнан екі жүзге дейін толықтырылып отырды.
Ауқымды құрылыс жұмыстарына еліміздің барлық аймақтары, сондай-ақ Республикалық маңызы бар қалалар жұмылдырылған. Арыстағы ТЖ орын алған алғашқы күннен бастап Министрлік атынан бірінші вице министр Қайырбек Өскенбаев қалпына келтіру жұмыстарына бақылау және мониторинг жасау жұмыстарын жүргізіп келеді.