Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы Арыс қаласының әскери бөлімінде орын алған төтенше оқиғаға байланысты Қызылорда облысы тарапынан арнайы автокеруен жасақталып, азық-түлік жіберілуде.
Атап айтқанда, 14,5 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 т сүт жіберілді. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Имандосовтың айтуынша, облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылып, кез келген уақытта түрлі көмек көрсетуге дайын тұр. Қазіргі таңда облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардағы 2083 мемлекеттік қызметші 1 күндік жалақысын аударуға ниет білдіруде."Бұдан бөлек, зардап шеккендерге азаматтық қоғам институт өкілдері, кәсіпкерлер және жеке азаматтар да өз еріктерімен қолдау көрсетуде", - деді ол.
Сонымен қатар, теміржол станцияларында оқиғаға орай кідірген 5 жолаушы пойызындағы 1200 жолаушыға ыстық тамақ пен салқын сулар тегін таратылды және 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді.
Екі жолаушы пойызы («Москва-Бішкек», «Атырау-Алматы») «Сексеуіл» станциясы арқылы Жезқазған бағытымен Алматы, Бішкек қалаларына сапарын жалғастырды.
Жолаушылар пойызының бағыты өзгеруіне байланысты «Сексеуіл» станциясынан Қызылорда, Түркістан облыстарына баратын 500 жолаушыға межеленген жерлеріне жетуі үшін арнайы 14 вагондық станцияаралық пойыз бен 6 автобус қызмет көрсетті.
"Шиелі станциясынан 82 жолаушыны Алматы қаласына автобуспен, 22 азаматты Луговой, Тараз және Шымкент қалаларына шағын көліктермен жөнелту ұйымдастырылды", - деді Мұрат Имандосов.
Сонымен қатар, Түркістан облысына, Шымкент қаласы аралықтағы жолаушыларды тасымалдау үшін 5 үлкен сиымдылықты автобус жіберілді.
Айта кеткен жөн, арыстық тұрғындарға жәрдем берушілердің қатары көп. Сол себепті беріліп жатқан көмектің көлемі әлі де нақтылануда.