Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадан Арыс қаласына «Арыс, біз біргеміз!» гуманитарлық көмек мақсатындағы «Қамқорлық» атты керуен жөнелтілді.
Бұл керуен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты бірнеше мекемелерден жасақталған. Аталмыш штаб Арыс қаласында зардап шеккен жандарға рухани қолдау жасау үшін арнайы кездесулер өткізеді.Ұлттық кітапxананың алдына керуенді жөнелтуге еліміздің өнер жұлдыздары жиналды. Олардың біразы Арыс қаласына баратын болады. Атап айтсақ, Мәскеуден келген Арман Дәулетияров, отандық эстрада әншілері Жеңіс Сейдоллаұлы, Майра Ілиясова, Алтынай Жорабаева, Сәкен Майғазиев, Ернар Садырбай (Amre), Ержан Максим бар.
«Арыста болған жағдайға байланысты мәдениет және спорт министр Ақтоты Райымқұлованың бастамасымен біздің ведомствоға қарасты өнер ошақтарының басшылары, өнер адамдары жұмылып, Арыс халқын рухани қолдау мақсатында Шымкентке кеткенін білесіздер. Мұндағы мақсат - ән айту немесе би билеу, тұрғындар рухани тұрғыда қолдау екенін атап өту керек. Әншілер өз қалталарынан 16 млн теңге жинап, Арысқа көмектесуге арналған шотқа аударды. Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлері бір күндік жалақысын берді. Одан бөлек, екі қалада көмек штабын құрды. Сол штабтың жұмылдыруымен 2 қаладағы 3 штабтан 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, макарон өнімдері, дәрі-дәрмек, матрас, жастық, көрпе, киім-кешек жиналды. Бәрі де жиналған сомаға сатып алынды», - деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.
Керуенге министрлікке қарасты Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, «Казреставрация» республикалық мемлекеттік мекеме, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы, «Астана Опера» театр және опера балет театры, «Астана балет» театры, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қолдау көрсеткен.