Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Арыс қаласында болған оқиғадан кейінгі медицина нысандарының жағдайын баяндады.
«Нысандарға келер болсақ, қалада екі негізгі нысан – қалалық емхана мен аурухана. Емханаға жасалған шағын жөндеу жұмыстарынан кейін жұмысы қалпына келтірілді. Емхана жұмысын күшейту үшін және қалада, 17 ауданда жылжымалы жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді. Ауруханада жөндеу жұмыстары бір айда аяқталады. Азаматтарға шұғыл медициналық көмек әзірге Ордабасы ауданы, Шымкент қаласындағы жақын ауруханаларда көрсетіліп жатыр», - деп айтты Біртанов баспасөз мәслихатында.
Ведомство басшысы Премьер-министр Асқар Маминнің Арыс қаласына сапарынан кейін жаңа медициналық нысандар салу шешімі қабылданғанын атап өтті.
«Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Емхана мен аурухана бой көтереді. Олар айтарлықтай тозған, себебі салынғанына көп болған. Нысандар толықтай жаңа құралдармен жабдықталады», - деді ол.