Арысқа оралу. Азық-түлік толығымен жойылуы керек

27 Маусым 2019, 18:35
3944
Бөлісу:
Арысқа оралу. Азық-түлік толығымен жойылуы керек
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындарына үйлеріне барған соң не істеу керек екенін айтты.


Өңір басшысы тұрғындардың өмірін сақтау бойынша жадынама дайындалғанын айтты.  

«Қадірлі, Арыс қаласының тұрғындары. Тұрғындардың өмірін сақтау бойынша жадынама (памятка) даярланып, ертең кіреберіс жерде барлық тұрғынға таратылады. Жадынамаға сәйкес төмендегідей шарттарды қатаң сақтауды сұраймыз. Мысалы, үйіңізге кіргенде күдікті заттардың болмауына көз жеткізіңіз. Егер қандай да бір күдікті зат анықталса дереу 112, 102 телефонына қоңырау шалу қажет. Үйіңізге кірген уақытта «ұрлық болды» деген күдік болса, ешбір затқа тиіспей дереу 102 телефонына қоңырау шалыңыз», - деді Шөкеев.

Облыс әкімі төтенше жағдайға дейін үйде сақталған барлық азық-түлік 100% жойылуы тиіс екенін ескертті. 

«Қалада орналасқан дүкендер мен дәмханаларда қалған азық-түліктерді толығымен жойып, сатылымға шығуына жол бермеу қажет. Үйдегі су құбырындағы ауыз суды бірден пайдаланбай, 10-15 минут ағызып барып пайдаланған жөн. Осы тектес адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау бойынша толық ақпаратты жадынамадан білетін боласыздар. Облыс көлемінде және Шымкент қаласында ашылған 66 эвакуация пунктінде ертең таңғы сағат алтыдан бастап автобустар қойылып, тұрғындарды көшіру жұмыстары басталады», - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.



Өзгелердің жаңалығы