Арықтарды тез арада тазалау керек – Семей қаласының әкімі

18 Ақпан 2019, 12:47
2432
Бөлісу:
Арықтарды тез арада тазалау керек – Семей қаласының әкімі

Астана, BAQ.KZ. Демалыс күндері Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов су тасқыны қаупі бар қаланың біраз аудандарында тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

Қалалық ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, былтыр көктемде қала бойынша 57 су тасқыны қаупі бар учаске анықталған болатын. Олардың 50-і қауіпті аймақ тізімінен шығарылып, қалған 7 учаске бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Бірнеше сағат ішінде барлық аудандар араланды. Рейд қатысушылары Омская, 5 өткел, Потанин көшелері, Әуежай ауданы, Степной және Мирный кенттеріндегі ахуалмен танысып қайтты. Қала әкімі арықтар жағдайына баса назар аударды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері оларды белсенді түрде тазалауда. Бірақ арықтар жеке аулалар арқылы өткендіктен, үй йелері жұмысшыларды кейде өз учаскелеріне жібермейді», - деді Семей ақпарат орталығының мамандары.

Ермак Сәлімов бұл кемшілікті байқап, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне тұрғындармен жұмыс істеуді, оларға түсіндіруді тапсырды. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрғанда арықтарды тез арада тазалау керек. Рейд барысында тұрғындармен әңгімелескен қала әкімі Ермак Сәлімов жеке сектордың басым бөлігі күл-қоқыс қалдықтарын шығару бойынша келісімшарт жасамайтындығын анықтады. Содан қоқыстар тұрғындардың бақшаларына жиналады. Әкім учаскелік инспекторларға бұл проблеманы ерекше бақылауға алып, күл-қоқыс қалдықтарын далаға тастайтын барлық тұрғынға ескерту жасау керектігін айтты.

Сондай-ақ, Ермак Сәлімов биыл жауын-шашын көп түскенін де атап өтті. Қар шығару жұмыстарын арттыру және қаладағы әрбір су тасқыны учаскесін бақылауда ұстау күн тәртібіндегі мәселе. Сонымен қатар, қала әкімі Мирный кентінде жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Былтыр Семейді су басқан кезде зардап тартқан аудан осы Мирный кенті болатын.

Өзгелердің жаңалығы