Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлерін құттықтады.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша бұл күні Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Ардагерлердің көбі 90 жастан асқан. Кейбіреулері өздігінен қозғала алмайды. Бірақ олардың арасында ән айтып, қызықты естеліктерімен бөлісетіндері де бар.
Мереке күні әскери қызметшілер 95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Васильевич Николаевқа барды. Ол 180-ші атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. «ІІ дәрежелі Отан соғысы Орденімен», «Германияны жеңгені үшін» және Жуков медалімен марапатталған. Ардагер әскери қызметкерлерді жылы қабылдап, көңіл бөліп келгендеріне алғысын айтты.
Полковник Нұрмолда Атамбайұлы Батырбеков 97 жаста. Ол жауынгерлік жолын Украина майданының 266-шы атқыштар полкінен бастап, 1942-1945 жылға дейін 120 милиметрлік полк минометтерінің майдан минометшісі болды. Қиян-кескі шайқастарда ол жарақат алып, есінен айырылды. Ардагер I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» «Жеңіске 20 жыл», «Тың игергені үшін» медальдарымен марапатталған.
Полковник Сәрсенов Қамбар Әмірұлы «II және III дәрежелі Даңқ», «I және II дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Ең бастысы, қарт адамдарға біздің назарымыз қажет. Олар өздері бастан кешкен оқиғаларын айтып, әрқашан әскерилерді қуанышпен қарсы алады. Біз олармен әрдайым байланыстамыз. Әрқашан көмектесіп, олардың денсаулығына көңіл бөлеміз, – деп атап өтті Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Амантай Өсербаев.
Атап өткен жөн, әскерилер қарияларға тек мереке күндері ғана емес, әр уақытта назар аударуға тырысады. Олармен тығыз байланыс орнатып, күнделікті тіршіліктеріне қол ұшын созып, қолдау көрсетеді.