Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы және ішкі саясатты жүргізу барысындағы басты мақсат – мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаты Дана Нұржігіт мәлімдеді.
ҚР Қарулы күштері құрамының алдында әлемде болып жатқан өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, оларға алдын ала дайын болу бағытында жұмыс істеу тапсырмасы тұр. Заң жобасы осы тапсырманы орындауға бағытталған. Қарулы күштер мемлекет қорғанысының негізін құрайды. Қазіргі таңда әскери ұрыстардың түрі, тәсілдері үлкен өзгерістерге ұшыраған, - дейді Дана Нұржігіт.
Депутат айтқандай, сол себепті қолданыстағы заңның ұстанымдары мен мемлекеттің қорғаныс және қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарын да жаңғырту қажеттілігі туындап отыр.
Осыған орай халықаралық аренадағы өзгерістерге бейімделе отырып, қауіптерге төтеп беру үшін заң жобасына жаңа нормалар енгізілді. Жоба мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын және қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтінін ескере келе, заң жобасын қолдаймын, - деді депутат.