Артыңнан 2-3 адам тірке. Қаржы пирамидаларының құрсауына түспеу үшін не істеу керек?

30 Наурыз 2023, 14:22
808
Бөлісу:
Артыңнан 2-3 адам тірке. Қаржы пирамидаларының құрсауына түспеу үшін не істеу керек?
Фото: inform.kz

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қаржы пирамидаларына қалай алданып қалмауға керегі айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржы пирамидаларымен күрес жүргізілгенімен оларға ақша «құйып», алданып қалып жатқандар өте көп. Енді қаржы пирамидаларының құрбаны болмас үшін не істеу керек? Халықты осы мәселеде қалай сауатты етуге болады? Еліміздегі қаржы пирамидаларының тізімі бар ма? – деп редакциямыз брифингке қатысушыларға сауал жолдады.

Қаржылық мониторинг агенттігі ресми өкілі Әлібек Әбділов сұраққа жауап беріп, азаматтарға қаржы пирамидаларының қандай белгілері барын айтып берді.

Қаржы пирамидаларының бірнеше белгісі бар. Егер сізге ақша салуды ұсынса, онда алдымен сол белгілерге назар аудару қажет. Қаржы пирамидаларының бірнеше түрі бар. Классикалық пирамидада бір адам келіп, ақшасын салады. Кейін артынан тағы 2-3 адамды алып келуі керек болады. Яғни кейін келген адамдардың есебінен бұрын келген азаматтардың байып кетуі – бұл пирамиданың классикалық формасы, - деді Әлібек Әбділов.

Сонымен бірге желілік маркетинг атын жамылып отырған пирамидалар да бар.

Бұл жерде тауардың мүлдем жоқтығы немесе бағасын шарықтаған тауарларды сату арқылы пайда табу. Бұл – біріншіден. Екіншіден, түрлі инвестициялық компаниялардың атын жамылып отырған қаржы пирамидалары. Бұл жерде көбіне құнды қағаздар нарығына ақша салуды ұсынады және т.б. акциялар туралы айтады. Сонымен бірге адамның бұл салада ақпараты жоқтығын пайдаланып, түрлі терминдерді жаудырып, ұсынады, - деп түсіндірді ол брифингте.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі акция нарығында білімі жоғары бола тұра, ұтылып жататын азаматтар жоқ емес екенін ескертті.

Қаржы пирамидаларының жаңа түрі – крипта алаңдарда пайда табу. Бұл да жоғары білім мен сауатты қажет ететін сала екенін айтты.

Егер ақшаны инвестициялауға ұсынса, онда алдымен сол компания жайында ақпаратты толық біліп, тексеріп алу қажет. Салған әрбір ақшаға құжат, түбіртек міндетті түрде берілуі керек. Келісімшарттың болуы міндетті талап. Кейін келісімшартқа қол қойған кезде оны мұқият оқу қажет, - деп кеңес берді Әбділов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында ұйымның лицензиясы бар-жоғын тексеруге болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 3 қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды.

Өзгелердің жаңалығы