Артық жұмысқа тарту, қауіпсіздік, дәретхана мәселесі: БҒМ жедел желіні іске қосты

16 Қыркүйек 2021, 17:51
8336
Бөлісу:
Артық жұмысқа тарту, қауіпсіздік, дәретхана мәселесі: БҒМ жедел желіні іске қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті азаматтардың өтініштері үшін жедел желі телефондарын іске қосып жатыр. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қыркүйек айында 3,6 млн оқушы, 400 мыңға жуық мұғалім, 600 мыңға жуық студент және 35 мыңнан астам оқытушы үшін жаңа оқу жылы басталды. Осы кезеңде білім беру саласына қатысты мәселелер аса өзекті. Жедел желі телефондары ел азаматтарының Комитет пен аумақтық департаменттердің қызметкерлеріне түрлі проблемалар туралы хабарлауы үшін жұмыс істейді.

Бұл мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға тарту, мектеп дәретханалары, бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары, қауіпсіздік жүйесінің басқа элементтері, жатақханаларға қатысты және басқа да мәселелер болуы мүмкін, - делінген министрлік хабарламасында.
Артық жұмысқа тарту, қауіпсіздік, дәретхана мәселесі: БҒМ жедел желіні іске қосты

Сондай-ақ ата-аналар, мұғалімдер және бұл мәселелерге бей-жай қарамайтын адамдар WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы 8-705-206-59-32 нөміріне қауіпсіздік жүйелерінің, мектеп дәретханаларының, жатақханалардағы жағдайлардың талаптарға сәйкессіздігі туралы фото және бейнематериалдарды жібере алады. Мектептерге қатысты мәселелер жергілікті атқарушы органдарға берілетін болады. Өйткені қаржыландыру функциялары, құрылыс, жөндеу жұмыстары, қажетті жағдайлар жасау, оның ішінде санитарлық мәселелер әкімдіктердің құзырында.

Сонымен қатар осы өтініштердің барлығы проблемалар түпкілікті жойылғанға дейін Комитеттің және оның аумақтық департаменттерінің бақылауында болады.

Қазір адамдардың басым бөлігі фотосурет пен видео түсіруге арналған функциялары бар смартфондарды пайдаланады. Балалар үшін оқу процесінің ыңғайлы және қауіпсіз болуын қалап, бұл мәселеге немқұрайлы қарамайтын азаматтар қазірдің өзінде түрлі бұзушылық туралы хабардар етіп, фотосуреттер мен бейнематериалдар жариялап жатады. Біз азаматтардың өтініштерін бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріндегі белсенділігі үшін оларға алғыс айтамыз. Егер басқа да азаматтар осылай жасап, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін фактілер туралы бізге хабарласа, біз бұл мәселені әкімдіктердің қарауына жіберіп, мәселе толық шешілгенге дейін өз бақылауымызда ұстаймыз. Өйткені бейнекамералармен қамту немесе мектептердегі санитарлық тораптарға қатысты мәселелерді шешу әкімдіктердің құзырында, — деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Естеріңізге сала кетейік, осы оқу жылының басынан бері БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне азаматтардан 70-ке жуық өтініш келіп түсті. Комитеттің қарауынан және араласуынан кейін барлық өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі мектептерге байланысты тапсырмаларды орындамаған тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау үшін бірқатар өңірдің әкімдіктеріне хат жолдаған болатын. Мәселе дәретханалармен, бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмаларымен және қауіпсіздік жүйелерінің басқа элементтерімен байланысты сұрақтарды шешу туралы болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы