Таиландтағы демалыс орындарының бірінде қайтыс болған 24 жастағы қазақстандық Артур Ысқақовтың денесі елге қашан жеткізілетіні белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отандасымыз Артур Ысқақовтың денесі жақын арада елге жеткізіледі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Таиландтың Пхукет қаласында демалып жүрген қазақстандық турист жағалауға шектеу белгісі қойылған аумақтан асып, биік толқындар алысқа алып кеткен. Судан алып шыққан соң сол жерде алғашқы көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілген еді, - деді Айбек Смадияров.
Дегенмен оны аман алып қалу мүмкін болмады. Соңғы күндері Пхукетте қатты толқындар көтеріліп, жағалауға қызыл жалаулар қойылған еді. Тай құтқарушыларының айтуынша, ТМД елдерінің азаматтары осылай демалысқа келгенде қойылған белгілерді ескермейді екен.
Таиландта теңізге түсем деп зардап шеккен Артур Ысқақов қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.