Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев BAQ.KZ тілшісі сұрағына жауап беру барысында айтты.
Еліміздің көп өңірінде ауылды елді мекендер тарап жатыр. Оның үстіне ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыс жағдайына көптеген шағымдар келіп түседі. Үкімет бұл үрдісті, яғни халықтың ауылдан көшуін қалай тоқтатпақ? Бүгінде нақты қандай шаралар қабылданып жатыр? – деп сұрады BAQ.KZ тілшісі.
Қанат Бозымбаев Үкімет осы мәселелерді ескеріп жаңа тұжырымдама бекіткенін айтты.
Біріншіден, инфрақұрылымға қол жеткізудегі өңіраралық айырмашылықтарды жоюға, экономикалық өсімді жеделдетуге және аумақтық әлеуетті тиімді іске асыруға Үкімет екі апта бұрын Қазақстан Республикасын өңірлік дамытудың жаңа 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Тұжырымдама өңірлердің жай-күйі мен даму перспективаларын кешенді бағалау, қалыптастыру және халықты базалық, инфрақұрылымдық біркелкі қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы бағыт шеңберінде әлеуметтік-инженерлік объектілерге қол жеткізудегі диспропорцияларды жоюға ерекше назар аударылады. Келесі жылдан бастап артта қалған өңірлерге өңірлік стандарттар жүйесі арқылы негізінде басым қаржыландыру берілетін болады. Бұл ауылдық және шалғай аудандардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Бұл – экономикалық саясаттың жаңа бастамасы. Бұл мәселелерді бір жүйеге келтіріп жатырмыз. Сондықтан республикалық бюджеттен трансферттер жергілікті бюджеттерге тек осы бағытта жіберілетін болады, - деп жауап берді Бозымбаев.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.