Наурыз айының 16-19 күндері аралығында Канаданың Маркем қаласында 23 елден келген 120-ға тарта спортшының қатысуымен әртістік жүзуден Әлем кубогының алғашқы кезеңі өтті, деп хабарлады BAQ.KZ.
Бұл бәсекеде ел намысын елордалық Эдуард Ким, Жәния Жиенғазы мен Наргиза Болатова және еліміздің басқа өңірлерінен Ясмин Тұяқова мен Арина Пушкина қорғады. Олар жұптық, аралас жұптық және жекелей сында өнер көрсетті.
Жарыстың қорытындысы бойынша астаналық Ким Эдуард жекелей сында екінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ Эдуард ерлер арасында аралас жұптық жарыста үшінші орынға тұрақтады. Ал жұптық сайыста елордалық Эдуард Киммен Наргиза Болатова үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, бұл спортшылар былтырғы ел чемпионатының нәтижесінде іріктелген болатын.
Биылғы Әлем кубогының 7-маусымында 4 кезең бар. Олар енді Канададан кейін Мысыр астанасы Каир (28-30 наурыз) мен Францияның Монпелье қаласында (5-7 мамыр) шеберлік байқасады. Сосын FINA әр бағдарламадағы үздік 12 спортшыны анықтап, Суперфиналға шақырады. Суперфинал болатын қала мен уақыты кейін анықталады.
Айта кетейік, су спорт түрлерінен ХХ әлем чемпионаты биыл жазда Жапонияның Фукуока қаласында өтеді.
Осыған дейін әртістік жүзуден Әлем кубогы 2017-2022 жылдар аралығында «FINA-ның Әлем сериясы» атауымен өткен. Ал оған дейін (2006-2016 бен 1979-2014 жж.) Халықаралық су спорт түрлері федерациясы (FINA) әртістік жүзуден Әлем кубогын жылына тек бір мәрте ғана ұйымдастырған.