Бас жаңалықтар

Ғалия Балтабаева: Сұқбат беріп отырған қарияның сөзі сүйегімнен өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ радиосының 100 жылдығына орай белгілі журналист, Қазақ Радиосының Ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Павлодар облысының Құрметті азаматы, Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болған, журналист Ғалия Балтабаймен әңгімелескен едік.

- Ғалия апай, журналистік жолыңыз университетті бітірмей жатып басталған секілді. Радиоға келуге ұстаздарыңыз кеңес берді ме, әлде қандай да бір мұқтаждық болды ма?

- 1966 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы университеттің журналаистика факультетіне сырттай оқуға түскеннен кейін туған ауылыма қайттым. Ойым – өзім оқыған мектепке барып, біраз жыл қызмет ітеу. Елге келсем, неміс тілінің мұғалімі Əлима Жолдыбаева кішкентайлы болып, демалысқа шыққалы жатыр екен. Ол кісі қуанып кетті, «келгенің жақсы болды. Сен менің қызметімді алып кетесің, қолымнан келгенше көмегімді аямаймын» дейді.

Ауылдағы өзім оқыған мектепте екі тоқсандай дәріс бердім. Содан қысқы сессияға Алматыға оқуға шақырды. 40 күн сессия, барарда Павлодарда тұратын курстасым Рашида Байсуфинаға соғып, Алматыға самолетпен ұшып келдік. Сессиямызды өте жақсы тапсырдық. Содан, Рашида екеуіміз біржола Алматыда қалатын болдық.

Сессия кезінде бос уақыттың арасында курстасымыз Жазушылар Одағындағы 2-хатшы Қабдыкәрім Ыдырысовтын алдында хатшы болып істейтін Баян Бұлғақбаеваның қызмет орнына барып машинкада басуды үйреніп жүрдім.

Бірде Қабдыкәрім ағаның қабылдауына атақты ақын, Қазақ радиосының қызметкері Нұрсұлтан Әлімқұлов келе қалды. Менің машинкада тоқылдатып отырғанымды көріп, «жақсы басады екенсін»,-деді. Сол екен Баян құрбым, «аға, сіздерде машинкалық жұмыс жоқ па? Құрбыма жұмыс іздеп жүрміз. Анасының 20 сом ақшасы жетпейді» - деп менің қамымды айтып бәйек болды да қалды.

Содан Нұрсұлтан аға, қабылдаудан шығысымен, мені өзімен бірге Қазақ радиосына алып келді. Қазақ тілінде басатын бір машинистканың орыны бар екен, мені сол күні бірден қызметке алды.

- Қызметтік жолыңыз журналистикадан емес, машинисткадан басталған екен ғой?

- Иә, солай десем де болады. 1968 жылы жерлес ақынымыз Аманжол Шамкенов ағамыз мені күндізгі оқу бөліміне ауыстыруға көмектесті. Содан радиода жұмыс істеп жүріп, күндізгі оқуымды жалғастыра бастадым.

Таңертең ертемен тұрып, бірінші трамвайға отырып, Қазақ радиосына келемін. Таңғы алтыда ауа райын беру керек. Ауа райын алып, машинкаға басып, дикторға дайындап беремін. Сағат таңғы 7-де аудармашы келеді. КазТАГ-тың жаңалықтарын аударады. Түскі бірге дейін тапжылмастан аудармашымен жұмыс істеймін де, троллейбусқа отырып алып КазГУ-ге келемін. Екі аялдама, буфеттен тамақтанып аламын да, лекцияға кіремін. Түстен кейін сағат 3-4-тің кезінде ұйқы қысады. Көзім ілініп кеткенде, мұғаліміміз, «Оспанова ханым, түнімен ұйықтамадың ба, қайда болдың?» - дейді. Ол кездегі аты-жөнім солай аталатын. Сол кезде курстастарым маған жақ болып: «Бізге Оспановадай болу қайда, ол таңның атысынан жұмыс істейді Қазақ радиосында», - деп шыж-быж болады.

- Ол кезде оқып жүріп жұмыс істеу қиын болған жоқ па?

- Иә, әрі жұмыс, әрі оқу мен үшін өте қиын болды. Кейде тамақ ішіп үлгермеймін, гемоглобинім мен давлением түсіп кетіп, басым айланып құлап қалатынды шығардым. Жұмыс істемесем, жалғыз анамның 20 сом пенсиясы өзіне де жетпейді. Содан бір жылдан кейін күндізгі оқуды тоқтаттым. Аманжол Шамкенов ағамыздың үмітін ақтай алмай, оқуымды қайтадан сырттай жалғастырдым.

Құрбым Рашида екеуіміз біраз уақыт пәтерде тұрдық. Бес-алты қыз жертөледен пәтер жалдадық. Ол басқа пәтерлерге қарағанда арзандау болатын. Алатын айлығымыз аз, жартысы пәтерақыға кетеді. Киім-кешек, тамағымыз ол бар. Аядай ғана екі бөлме, біреуінде ас дайындаймыз. 4-5 қыз тұрдық. Тамағымыз ортақ. Пәтерімізді кезекпен жинаймыз. Бәріміз де Павлодарданбыз. Бір-бірімізге ерекше қамқор болдық.

- Машинситкадан журналистикаға қалай ауыстыңыз?

- Қазақ радиосында машинистка бола жүріп, редакцияларға хабар дайындап, ақырын-ақырын өзімді көрсете бастадым. Негізінен «Шалқар» радиосына берген тапсырмамен хабар дайындап жүрдім. Түске дейін өзіме берген тапсырманы орындаймын да, түстен кейін редакциялардан тапсырма алып. Хабар дайындауға кетемін.

Бірде ұшқыштар жайлы хабар дайындау үшін Алматының аэропортына жіберді. Қолымда 13 килограмдық дыбыс жазу репортері бар. Ішке ене бергенімде қарсы алдымнан атақты әнші Роза Бағланованың шыға келгені. Қасында - нөкерлері. Қуанып кеттім. Бала кезімдегі арманым. Роза Бағланованы бір көрсем деген ойымның жүзеге асқанын қараңызшы!

- Роза Тәжібаевна, ән сапарыңыз сәтті болған шығар, қай жақтан гастрольден келе жатырсыз, уақытыңыз болса, репортерімізді қосып жіберсем қайтеді? - деп жатырмын.

- О, бәрекелді, жолымыз болды. Іс-сапармыз сәтті өтті. Өзімнің бір кездегі жастық шағым өткен Ташкенттен келе жатырмын, - деді. Микрофонымды қоса қойдым.

- Кезінде Өзбек халқының өнер сүйер қауымы сізді Қазақстанға жібергісі келмей, бізге қимады ғой... - дей беріп едім.

- Менің шығармашылығымнан хабарың бар екен, - деп қуанышын жасырмай, қойған сұрақтарыма жауап бере бастады.

Сол күні радиоға бір емес, екі бірдей хабарға пленка материал әкеліп, Бас редакторымыз Сәркен Оспановты қуантып едім. Әрі бала кездегі Роза Бағланованы көрсем ғой деген арманымның жүзеге асқанына қуандым.

- Сізді көбі Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі ретінде таниды. Тілші болудан 30 жыл бұрын алғашқы еңбек жолыңызды осы радиодан бастап едіңіз. Радионың Алматыдағы қызметкері, аяқ астынан қалайша облыстық тілшіге айналып кетті?

- Ия, әрбір адам туған жері мен өз мемлекетін яғни Отанын құрметтеп, қадірлеп, сүйіп өсу керек. Әрі туған жерің мен еліңе, Отанына адал еңбек етуің қажет. Жай ғана еңбек етіп қоймай, артыңда өшпестей із қалдыратын іс қалдыруың керек. Осы әңгіме жайында Қазақ радиосында журналист болып қызмет істеп жүргенде ауыл ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, павлодарлық Ахметуали Шариповтен естідім.

1973 жылы ауылға іс сапармен келгенде осы ел ақсақалы Ахметуали Шариповтан сұхбат алдым. Әнгімеміз біткеннен кейін, ол кісі менен жөн сұрады:

- Балам қай жерде туып-өстің. Жеті атаңды білесің бе, руың кім, кімнің баласысың,-деді. Айтып бердім.

- Туған жерім осы Павлодар ғой - дедім. Сонда Ахметуали ақсақал:

- Е, онда Алматыда не істеп жүрсің? Өз елің Павлодарға келіп қызмет көрсетіп, еңбектенбейсің бе? - деді.

- Туған жеріме қартайғанда келермін. Әзірге астанамыз Алматыда жақсы ғой деймін.

- Қартайғанда сен кімге керексің! Жас кезіңде туған жеріңе қызмет ет, Астанада көптің бірі болып жүргенше – деді. Қорыта айтқанда «ТУҒАН ЖЕРІҢЕ ТУЫҢДЫ ТІК» деді ғой.

Ахметқали ақсақалдың осы сөзі сүйегімнен өтті. Бір жылдан соң Павлодардың телевидение мен радио комитетіне Алматының Қазақ радиосынан арнайы жолдамамен келіп, 61 жасыма дейін осы қалада қызмет жасадым.

КазГУ-ді аяқтаған жылы дипломымды алғасын негізгі мамандығым бойынша редакторлыққа ауысуды алдыма мақсат етіп қойдым. Сол кездегі Республикалық телерадиокомитетінің председателі Кеңес Үсебаевтың қабылдауына жазылып, бар жағдайымды айттым, қызмет сұрадым. Ол кісі іле менің көзімше Қазақ радиосы дирекциясының Бас директоры Бек Дәулетбаевты шақырып алды. Алды да, «Мына өрімдей жас баланы қарашы, жалғыз анасына, көп балалы ағасының жанұясына салмақ салмайын деп шырылдап жүріп оқуын бітіріп, журналист деген мамандығы бар диплом алыпты. Сырттан тамыр, таныстың адамдарын алғанша, өз комитетімізде қызмет істеп жүрген адамдарға неге көмектеспейсіңдер» - деп Бас редакторға ескерту жасағандай болды. Сөйтіп мен Бек Дәулетбаев ағамыздың редакциясына редактор болып қызметке ауыстым.

- Ол кезде қандай бағдарлама жүргізуші едіңіз?

- Маған жұмасына бір рет 30 минуттық «Денсаулық» хабарын дайындау тапсырылды. Және күнделікті өтіп жатқан негізгі хабарларға шолу жасап отыруым керек болды. Бұл шолу тікелей председателіміз Хамит Хасеновке дайындалатын.

Менімен бірге дирекцияда Мейрам Байғазин қызмет атқарды. Ол да - Павлодардан, маған үнемі ағалық қамқорлығын көрсетіп жүрді.

«Денсаулық» хабарына ай соңында Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі Төрекелді Шармановты қатыстыруды әдетке айналдырдым. Ол кісі - өте қарапайым, мейрімді, біліктілігімен есімде ерекше қалған адам.

Сол жылдары Қазақ радиосының Левитаны атанған Əнуарбек Байжанбаев ағамыздың тісі түсіп, эфирден сөйлеуі қиындап, тісін салдырудың амалын таба алмай жүрген еді. Содан мен кезекті хабарға денсаулық министрі Төрекелді Шарманов келгенде Əнуарбек ағаның тісін салдырып беруін өтіндім. Ол кезде тіс салдыру қиын болатын, кезекке тұрасың немесе тамыр-таныс көмектеспесе болмайды. Ал біздің Əнуарбек ағамыз өте қарапайым, адал, біреудің ала жібін аттап өтпейтін кішіпейіл, әрі қарапайым адам болды ғой.

Министр Төрекелді Шарманов уәде берді, ертеңіне ағамызды шақыртып алып, содан тіс мәселесі шешілді. Бүгінде осындай Қазақстанға танымал, атақты дикторға көмек көрсеткенімді қуанышпен есіме аламын.

- Журналистік жолыңызға бағыт беріп, ерекше ықылас танытқан ұстаздарыңыз кім еді?

- Сол Қазақ радиосында жүрген кезімде журналистикадан алғаш ұстазым болған Мүбәрак Жаманбалинов ағамыз – шындықты жазуды, ұлт намысы, ана тілінің қадір-қасиеті жайында, көтерген мәселенің нәтижесіне жету әрі журналист деген атаққа лайық қызмет ету керектігін баса айтатын. Отан, туған жер, деген кең ұғымды естеріңнен тастамай, халықтың мүддесін қорғаңдар деп түсіндіретін. Өзі де елінің жайын жазып, қарапайым халықтың мүддесін қорғады.

Мен радиода қызмет атқарып жүрген жылдары бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосқан Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Рафаэль Ниязбеков, Серік Тұрғынбеков сынды ақын-жазушылар қызмет жасады. Солардың хабарларын басып беретінмін. Эфирден тыңдайтынмын. Осы атақты журналистердің хабарлары арқылы өзіме біраз тәжірибе жинақтадым.

Менің бағыма қарай, алдымнан үнемі жақсы адамдар кездесіп отырды. Қазақ радиосында жүргенімде ақын Иса Байзақовтың қызы, Қазақ КСР-нің еңбек сінірген әртісі Мақпуза Байзақовамен таныстым. Ол кісі менің ең жақын сырласым болатын. Маған туған сіңлісіндей қарады. Менің өмірім, менің тағдырым оңай қалыптаса қойды деп айта алмаймын. Сол бір қиын кезеңде ол кісінің маған көп көмегі тиді. Исекеңнің қызы Мақпуза Байзақовамен тығыз араласып қана қоймай, ұзақ жыл ол кісінің үйінде ұлыммен бірге тұрдым.

Ең бастысы еліне адал қызмет атқарып, шығармашылықтарымен танылған ақын-жазушылар мен жалпы өнер адамдарымен жиі кездесіп, атақты адамдар жайлы радиодан, телеарнадан хабарлар көп жасадым.

- Өңірдің мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін орталыққа жеткізу оңай шаруа емес. Оның үстіне сіздің өңірге тілші болуыңыз еліміз тәуелсіздігін алып, жаңа заманға, жаңа нарыққа бейімделудің бастауына сәйкес келді. Сол кездегі жұмыс тәртібін айта кетіңізші?

- 1986-1987 жылдары Павлодар облыстық радиосының қазақ бөлімін басқаруды маған тапсырды. 1988 жылы Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Ерботин Есентай қайтыс болып, оның орнына іле мен тағайындалдым. Меншікті тілші болып, 1997 жылға дейін астана Алматыдан Ақмолаға көшкенге дейін тура 10 жыл қызмет жасаппын.

Меншікті тілші бола жүріп, Павлодар облыстық телевидениесінің қазақ тіліндегі Жаңалықтар бағдарламасына Бас редактор болып қызмет атқардым. Бұған Қазақстан телерадиокорпорациясының басшылығы рұқсат еткен болатын. Міне менің журналистік қызметімнің осы жылдары қызық та қиын, әрі жауапты күндері басталды.

Меншікті тілші болып жүрген кезімізде облыстық барлық, аудан-ауылдарында болып әртүрлі тақырыптарда Қазақ редакциясының барлық редакциясына үлкен-үлкен хабар жіберетінбіз. Ол кезде Қазақ радиосының «Телерадио» деген газеті болатын. Онда негізінен телевидение мен Қазақ радиосының бағдарламалар кестесі мен ең жақсы деген хабарларына аннотациясы берілетін. Онда хабардың қысқаша мазмұны, хабарға кімдер қатысады, кімнің дайындағаны жайлы шағын информация беріп тұрды. Оны сол «Телерадио» газетінің редакторы Бауыржан Жалмиев дайындайтын. Сол газеттің бүгінгі күні мен де оншақтысы сақталып қалыпты.

- Қызық екен, телеарнаның жанынан газет шығатыны. Қазіргі уақытта елестете алмайтын жағдай ғой. Ол газетте не жазылады сонда?

- Түрлі жаңалықтардың анонстары шығады. Мысалы менің хабарларым жайлы газетке шыққан анонстарға назар салсаң болады. 1993 жылдың, сәуірдің 2-сі күні, сағат 10.15-те өнеркәсіп редакциясынан өткен «Мемлекет мүлкін қашанға дейін талан-таражға салуға болады», сол сияқты 1993 жылдың 23 мамыры күні, 18.10-да 1-ші бағдарламадан өткен «Туған табиғатымызды аялайық!» деген хабарымды «Ядролық полигон және Павлодар облысының проблемалары» деген тақырыпта өткен конференциядан Семей полигоны жайлы проблемалық хабар дайындап, оған Баянауылдан келген делегат Самат Күзеков қатысты және 1993 жылдың 9 сәуір күні 12.20 да берілген «Жекешелендіру – халыққа жақын болса» деген тақырыпқа Екібастұз қалалық Ішкі істер бөлімінің бастығы Түлкібек Ешімов жекешелендіру жұмысында кетіп жатқан заңсыздықтар жайында әңгімелеген еді. 1993 жылдың 27 мамыр күні «Ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл» деген хабарыма Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Болат Түсіпжанұлы Мағзұмов қатысты. Өзге де журналистердің мақалалары, хабарлары, сұқбаттары жайлы осындай қысқа ғана анонстар берілетін.

- Өзіңіздің әріптесіңіз, Қазақ радиосының шығыстағы меншікті тілшісі Жұмағазы Игісін сол кезде қазақ тілінде пікір берер маман таппай қиналатын едік деп еске алады. Павлодар өңірі де орыс тілді облыс. Тілдік қиыншылық сіздерде де болған болар?

- Иә, Жұмағазы рас айтады. Ондай қиындық бізде де болды. Ол жылдары қазақ тілінде хабар дайындау өте қиын болатын. Қазақ тілінде сөйлейтін мамандар мен басшыларды әзер табатынбыз. Тапсақ, «жерден жеті қоян тапқандай» қуанатынбыз. Оның үстіне Павлодарда ол кезде 20 пайыз ғана қазақ тұратын. Әрі біздің облыста алпысыншы жылдары қазақ мектептері түгел дерлік жабылып қалғаннан кейін жастар өздерінің туған қазақ тілінде сөйлемек түгіл, қойған сұрағыңды да түсінбейтін. Міне, осындай қиын заманды басымыздан кештік қой.

Дегенмен, қандай қиындық болса да Қазақ радиосының берген тапсырмаларын түгелдей орындайтынбыз. Музыка редакциясына да «Шалқар», «Ауыл», «Өнеркәсіп» бағдарламасына әртүрлі тақырыпта хабарлар мен қоса «Соңғы хабарларға» информация, 1-2-3 минуттық пленкалы адамдар сөйлетіп жаңалықтар да беріп тұрдық.

Осыған қоса облыстың бар өміріне араласып, мұндағы шешімін таппай жатқан проблемаларды шешіп, елдің мұңын мұңдап, халықтың талап-тілегін орындауға тырыстық.

Павлодар, Екібастұз қалаларында қазақ балабақшалары мен екі қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болдым. Павлодар қаласында ескі балалар ауруханасының орнына жаңа балалар ауруханасын салдыруына себепші болдым.

Соғыс жылдары Павлодардың қазақ театры өртеніп кетіп, ұзақ жыл облыс қазақ театрынсыз қалған еді. 1990 жылы «Қазақ театры өртенсе де, қазақ өнері өртенген жоқ» деген жан айқайыммен, радио, телехабар жасап, Павлодарда қазақ театрын салуға мүмкіндік жасадым. Биыл міне, осы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театры 30 жылдығын атап өтті.

- Жаңа өзіңіз айттыңыз, Астана Алматыдан Арқаға ауысқанша 10 жыл тілші болдым деп. Осы астананың ауысуы кезіндегі радио қызметкерлерінің жағдайы туралы айтыңызшы.

- Барлығымыз білетіндей, 1994 жылы шілденің 6-сында Жоғары Кеңестің сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жайында хабарлады.

Осыдан кейін 1996 жылы әртүрлі өзгерістер басталды. Қазақ радиосының тілшілерін де қысқартады екен деген сыбыстар естілді. Мен ол кезде Павлодар облысы бойынша Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып жүрген кезім. Барлық облыстағы тілшілерді қысқартып, жарты ставкаға қалдырып жатты. Павлодар облысындағы телерадиокомитетінің сол кездегі төрайымы Алматыға барғыштап кетті, әйтеуір бір өзгерістің боларын білдік.

1996-1997 жылдары бүкіл республикада облыстардағы тілшілер қосы жабылып, мені Ақмолаға ауыстыратын болды.

Қазақ радиосының Бас директорымыз Төрехан Данияр: Ол жақтан бар жағдай жасаймыз, баспана алып бере аламыз деп айта алмаймыз, жұмыссыз қалмаймын десеңіз осы жарты ставкаңызбен Ақмоланың радиокомитетіне барып жұмыс істей беріңіз, негізгі шығармашылық топ 1998 жылдың қаңтарында келеді. Сіз Ақмоланың кәсіпорындарымен, жалпы қаламен таныса беріңіз, - деді бастығым.

Кезекті демалысым біткесін 1997 жылдың тамызында Астанаға көшіп келіп, Ақмола облыстық радиосына Павлодардағы өз штатыммен келіп, жұмысқа орнадастым. Обдыстық радиоға хабар дайындап, Алматыға ара-арасында пленкалы хабар жіберіп тұрдым.

1998 жылдың 1 қаңтарында Алматыдан арнайы жасақталған шығармашылық топ келіп қосылды.

1998 жылдың қысы қатты болды. Оңтүстіктен Астанаға келген басқа мекемелердегі қызметкерлер Ақмоланың суығына үйрене алмай біразы қайтадан Алматыға қайтып кетіп жатты. Студияның іші суық, кабинеттердің өзі әзер-мәзер жылытылып тұрды. Журналистердің көбі жиі-жиі ауырып, ауруханада емделіп шығып отырды. Алматыдан келгендерге алғашқы кезде үш комнаталы пәтер берді. Ұлы бар, қызы бар бәрі бірге тұрды. Таңғы алтыдан Астана радиостудиясы әуе толқынына шығып, елордадағы жаңалықтарды, қаланың құрылысы жайлы, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуі жайында үлкенді-кіші бағдарламалар дайындап, хабардар етіп отырдық.

Әлбетте, бастапқыда оңай болған жоқ. Мүлде білмейтін, танымайтын қалада, не туысың, не танысың жоқ бұл шаһарда үйреніп кету қиын болды. Қызымыз ол кезде мектепте, ұлым ол да журналист еді, қалалық «Цесна-Азия» телеканалына қызметке тұрды. Мектептегі оқып жүрген қызым Жәмила Ақмоланың батпағы мен үскірік аязына шыдай алмай қиналды, бірден жаңа мектепке көндігіп кете алмады. Павлодарға қайтайық деп мазамды алды. Алғашқы екі жылда еңбек ақымыз жоғары болып еді, кейін күрт қысқартылып, нан мен майға жетпейтін кездер болды.

Мен, о баста Павлодардан елордаға келгенде ерекше бір жігермен, осы астанаға аянбай қызмет жасаймын деген оймен келген едім. Өзіндік бір қолтаңба қалдырсам деген ерекше бір құлшынысым да болды.

Әу баста мені таңертеңгі эфирге шығармай жүрді. Біраз уақыттан кейін рұқсат берілді. Таңғы бес жарымда үйден шығып, сағат алтыда эфирді ашып, ал керісінше түнгі сағат 12-де эфирді жауып барып үйге қайтатынбыз.

«Астанадан сөйлеп тұрмыз!» деп эфирді ашқанымда, жүрек қағысым жиілеп, кеудемді қуаныш кернейтін. Астана деген сөздің өзі ол кезде мен үшін қасиетті ұғым болды, сондықтанда оған мен үлкен жауапкершілікпен қарадым.

- Сіз радиода жүрген кезде «Радио-мүшәйра» өткізген екенсіз. Сол туралы тоқталыңызшы?

- Қазақстан Тәуелсідігінің 10 жылдығын атап өтерден тура бір жыл бұрын Ақмолада Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті, оны президентіміздің өзі өткізді. Сол мәжіліске Қазақ радиосынан мен барған болатынмын. Елбасының айтқан әрбір сөзі маған ой тастады. Жігерленіп отырдым. Елбасы: «Бұл Тәуелсіздік қазақ халқына оңайлықпен келмегенін білесіздер, он жылдыққа орай мына отырған сіздер әрқайсыңыз бір-бір үлкен жұмыс атқарсаңыздар, ел игілігіне қосқан үлестерің болар еді» - деген сөзі маған ой тастады. Редакцияға келісімен ойландым.

Мен қандай үлес қоссам екен деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Сол күні түні бойы ойланып, бір шешімге келдім. Ертеңіне Фариза Оңғарсыноваға жазба ақындарының радио-мүшайрасын ұйымдастырсақ қайтеді деп өз пікірімді айттым. Ол кісі ойланбастан қолдау көрсетті. Тура Тәуелсіздіктің 10 жылдығы тойланар алдында Астананың төрінде, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында «Қазақстаным-қарашаңырағым» атты ақындардың Республикалық радиомүшайрасын өткіздік. Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нығматуллин, Мәдениет басқармасының бастығы Ермек Аманшаевтар ақшалай қолқабыс жасады.

Осындай Республикалық радиомүшайраны Фариза Оңғарсыновамен ақылдаса отырып, кейін Павлодар радиосына бастық болып келгеннен кейін үш рет өткіздім. Басқа облыстардан қаншама атақты ақындар осы мүшайраға кезінде қатысқан еді.

Бүгінде мені төртінші рет осы республикалық ақындар радиомүшәйрасын Павлодарда өткізсек деген ой мазалауда. Бас қаладан бастау алған осындай игі істің бастамашысы қатарынан табылғаныма бүгінде қуаныштымын. Әрі бұл ретте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы берген тапсырмаға мен де өзімше үлес қосқаныма, әрі бастаған ісіме ризамын.

- Астананың аусуы еліміздегі ең елеулі тарихи оқиға болғаны белгілі. Сол жылдары Елбасы астанада ашылған әрбір маңызды ғимараттарға өзі баратын. Тілші ретінде сіз де пулда болған шығарсыз?

- Кезіндегі мына бір жайлар да есімнен кетпейді. Астанада Қазақ радиосының коментаторы болып жүрген кезімде елбасының қызмет бабымен жүрген жерлеріне бірге барып, радиоға хабар әкеліп отырдым. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы жас қаланың әрбір құрылыс нысанын өзі қадағалап, оның ашылуына да өзі қатысатын. Елордадағы әрбір ғимратты өз баласындай көрді десем, артық айтпас едім.

Дегенмен, алдымыздан кездескен ауыртпалықтарға қарамастан Астананың қалыптасуына, оның дамуына үлес қосқым келіп, қиындықтарға қарсы тұра білдім. Жұмасына екі-үш рет елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткізген мәжілістеріне кезегім келгенде барып тұрдым. Президент Елорданың құрылысының маңыздылығы мен оның болашақ ұрпақ үшін қажеттілігін жиі айтып бізді жігерлендіріп отыратын.

Сол жылдары мен екі қызметті бірдей атқардым. Қазақ радиосында коментатор бола жүріп, Астана радиосының қазақ бөлімінің редакторы болдым. «Астана және астаналықтар», «Көзқарас», әдеби-музыкалық «Өнерім-өмірім» атты хабарларды осы жылдары өмірге әкелдім..

Артқа біраз шегініп, мына бір естелігімді айтып кетсем деймін. 1997 жылдың қараша айының 8-де Алматыдан Ақмолаға Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін жеткізген салтанатқа қатыстым, сол жайында үлкен хабар дайындадым. Күн өте суық болды, Президент әкімшілігі мен Үкімет үйінің алдына халық көп жиналды. Қақаған аяздың ызғары жиналғандардың еңсесін түсірген жоқ, қайта олардың жүзінен қуаныштың, еркіндіктің, ең жауапты сәттің нышанын сезіп тұрдық. Ақмоланың жұлдызды сәті туды. Аспанымызда көп байрағымыз жарқырап, Сарыарқаның төсінде қазақтың әнұраны шалықтады. Айналаңа қарасаң әртүрлі ұлт өкілдерінің рухы шарықтаған, халықтар арасындағы берік достықты сезіндім.

Міне, осы бір тамаша көріністі өзімнің хабарымда жеткізуге тырыстым. Елбасының баяндамасындағы тарихи сөзі: «Астананың көшірілуі жаңарудың айғағы. Ол еліміздің түрлі салалары мен аймақтарына қуатты серпін, жаңа мүмкіндіктер береді», -деді.

Ия, бүгінде сол мүмкіндіктердің жолы ашылып қазіргі Нұр-Сұлтан бұрынғы Астана бүкіл әлем тамсанған қуатты мемлекеттің мақтанышына айналды. Кезінде осы астананы елімізге танытамыз деген әрбір жасаған хабарым тыңдарманға ерекше ой тастады.

- Сол кездегі әріптестеріңізді бір еске алыңызшы. Кімдер еді сол кездегі радио-журналистре?.

- Алматының Қазақ радиосынан келген Қайрат Мұсақұлов – Астанадағы Қазақ радиосы филиалының директоры болды. Қазақ радиосының коментаторлары болып менімен бірге қызмет жасаған - Базарбек Түкібай, Асан Сарқұлов, Надежда Самсонова, Морис Абдуллин, Алмира Тілеуханқызы, Серік Мұқышев, Бекжан Әліқұлов кейін келіп қосылған редакторлар Айнұр Дайрабаева, менің ұлым Мадияр Балтабай, Света Зиновьевалар бәріміз таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін тікелей эфирде графикпен шығып отырдық.

Бір қызығы 50-ден ассам да мен де солардан қалыспай, асып түспесем кем қалмай тікелей эфирге шығып, әрі авторлық хабарларымды дайындап күнделікті әртүрлі шараларға қатысып жастардың алдында өзімнің шапшаңдығымен әрі жауапкершілігімен көзге түстім. Көбіне әріптестерім эфирге салатын хабарлары болмай пленкалы материалдарды менен сұрап зыр жүгіріп жүретін кез де болатын. Және менің көп хабарым Павлодардан ұйымдастырылатын.

Ал елге келсем керекуліктер қуанып «Біздің Ғалия өз елін көрсетіп, туған жерінің абыройын көтеруде» -деп ризашылықтарын білдіріп жататын. Журналист үшін осыдан артық алғыс бар ма?

Астанадағы Қазақ радиосында менің хабарларымның тұрақты режиссері көбіне Совет Бекішов болды. Тәжірибесі мол, музыкаға бейім, қай хабарға қандай ән салатынын ол бірден біледі. Және қай әннің қай жерде жатқанын фонотекадан қиналмай табады. Хабарды монтаждағанда өте шебер монтаждайды. Артық сөйлемдерді алып, басқа сөйлемдерді мағынасына қарай бір-бірімен қосып әдемі сөйлем құрайды, кейде өзіңнің сөйлетіп әкелген адамыңды танымай да қаласың. Хабарды музыкамен ерекше көркемдейді, әрбір жасаған бағдарламасы бір-біріне ұқсамайды. Жалпы тақырыптың мақсатын, мағынасын ой елегінен өткізіп, автордың ойын дөп басады.

Қазақ радиосында Совет Бекішов сияқты өз жұмысына жауапкершілікпен қараған Гүлжан Саметова, Наталья Гуляева, Галина Насань, менің құрбым, Қостанай радиосынан келген диктор Күләш Молдахметова, Гүлжанат Сейітовалар менің есімде ерекше қалған қызметтес достарым.

Бүгінде радиодан әріптестеріміз «Астанадан сөйлеп тұрмыз!» деп саңқылдаса, көңілім сол жаққа бұрылып, сол кездегі Елорданы көппен бірге құруға барған әріптестерімді есіме алып, сағыныш сезімін сезінемін. Қайда жүрсе де сол әріптестеріме, аман болайық, еңбектеріңнің зейнетін көріңдер деп тілек айтамын.

- Ғаламтордан сіздің Елбасымен сұқбаттасып тұрған суретіңізді көрдім. Әлдебір жиында Нұрсұлтан Әбішұлына сауал қойып жатқан секілдісіз?

- 2001 жылдың құрбан айты күні елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев зайыбы Сара Алпысқызымен Астанадағы Орталық мешіттердің бірі Ғылмани мешітіне келді. Құрбан айтына арналған салтанатты рәсіміге қатысып, айтқа сойған малдың дұғасында болып, мешіт ішін аралады. Бір топ журналист елбасын сыртта күтіп тұрмыз. Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Асылбек Бейсенбаев бүгін елбасына Қазақ радиосының атынан Ғалия Балтабай апайымыз сұрақ қояды деп ескертті.

Сосын ол менен қандай сұрақ қоятынымды сұрады. Әрине менің қоятын сұрағым дайын болса да айтпадым. Баспасөз хатшысы бір айланып келіп тағы сұрады. Мешіт жаққа қарасам елбасы мешіттің ішінен шығып, бізге қарай келе жатыр. Президент қасымызға жақындап келді де ал маған қоятын сұрақтарыңыз бар ма дей бергенде, мен сұрағымды бастап та кеттім.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ұлы мейрамымыз құрбан айт қабыл болсын дей отыра, Сізге қояр бір сұрағым бар еді, - дедім. Журналистермен амандасып, басын изеді де, «сұрағыңызды қоя беріңіз»,- деді.

– Мұсылман елдерінің көбінде, атап айтсақ көршілес Өзбекстанда, Түркия мемлекеттерінде құрбан айт мейрам күні ретінде тойлануда. Ал біздің Қазақстанда құрбан айт - мейрам күні болып қашан аталып өтеді? - дедім.

Осы кезде баспасөз хатшысы Асылбек Бейсенбаевтың түрі бұзылып, маған қарап тұрып басын шайқады. Ал, елбасы болса, керісінше:

- Өте дұрыс сұрақ екен. Негізінен осы жай туралы ойланып жүрмін. Қазақстандағы басқа діндегілерде бізге де мереке қажет деп сұрауы мүмкін ғой. Барлық діндегілердің мерекелерін мереке деп танысақ, қалай болар екен? Дегенмен, Құрбан айт мерекесін тойлаймыз, әлі ол күн де алыс емес, -деді.

Сол-ақ екен баспасөз хатшысы Асылбек Бейсенбаевтың жүзі жылып, дұрыс екен-ау дегендей маған тағы бір қарады да, басын шұлғыды.

Ия, шынында да, бұл қойған сұрағым кейін тарихи сұраққа айналып, құрбан айтты бүгінде баршамыз мереке ретінде тойлап жатырмыз. Барша мұсылман халқы осы күнді асыға күтеді, бізде асыға күтеміз.

2008 жылы Елордада «Нұр Отан» партиясының бірінші сьезінен кейін елбасы бір топ БАҚ басшыларымен кездесті. Сонда мен Павлодар облыстық радиосының атынан алғашқылардың бірі болып сұрақ қойдым, Богатыр кенішіне келгенде, Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы іс сапарында, Теміртаудағы жұмыс сапарында тағы басқа кездесулерде сұхбат алған кездерім болды.

- Журналистік жолда не түйдіңіз?

- Шын мәнісінде өмір сүрудің екі жолы бар екен. «Біріншісі – мағынасыз өмір. Ол тек күнделікті болып жатқан өміріңе ризашылықпен ғана қарап жүре беруің болса... Ал екіншісі – бұл өмірде бәрі ғажайып деп өмір сүру» керек екен. Бұл ойды кім айтты деп ойлайсыз? Ол - өмірге өте ғашық болған Альберт Эйнштейн.

Шын мәнінде сол «ғажайып» сенің бақытты өміріңмен байланысты. Ал бақыт байлықпен саналмайды. Мен өмірімде ақша жинап, байлыққа қызыққан емеспін. Қарапайым ғана үйім болды, балаларым да үлде мен бүлдеге оранған емес. Жоғары оқуға түсірем деп біреулердің артынан жүгірген емеспін. Немесе оларды жоғары қызметке отырғызамын деп те ойламаппын. Ойлаған кездерім болған шығар, бірақ олар бұл жолды таңдаған емес. Балаларымның бәрі де көздерінің майын тамызып, адал еңбекті қалады. Ал бастық болған кезімде біреуге «взятка» беріп қызметке орналасқан жоқпын, ал радио журналистерді қызметке орналастырамын деп ақша алған емеспін, олардың қабылет-дарындылығына қарадым.

Бүгінде біздің шашылып жатқан байлығымыз жоқ болса да, рухани байлығымыз шаш-етектен. Өзімді емес, өзгені ойлап, біреулерге жексұрын болсам, біреулерге пана болып едім. Бүгінде осы өткен өмірім қызық екен деп ойлаймын.

Иә, өмірдің мәні – қарапайым адам бола білуде. Үлкенмен үлкенше, кішімен балаша сөйлесіп өмір кештім. Ешқашан да мен бастықпын деп кеуде қаққан жоқпын. Өмірімнің әрбір сәтінен ләззат алып, алға ұмтылдым.

Қарапайым болуға тырыстым. Өмір әр адам үшін әртүрлі жолды меңзейді. Бұралаңдары да көп. Содан тура жүріп өтсең ғана өміріңе риза болады екенсің. Бүгінде мен осыны сезініп отырмын. Ал егерде өмірінізді қайта бастаңыз десе, мен осы өмірімді қалар едім. Себебі менің өмірім мәнді де мағыналы өтті... Бұл әрине - Өмір шыңы...

- Әңгімеңізге рахмет!