ИТЖЫҒЫС. Түс. Оны көру, оны жору

ИТЖЫҒЫС. Түс. Оны көру, оны жору
ИТЖЫҒЫС. Түс. Оны көру, оны жору
Адам сенетін және сенбейтін идеялар, тұжырымдар, сенім-нанымдар мен ырымдар өте көп. Олардың кейбіреулері біздің ғұмырымызда бірнеше рет расталып, бірнеше рет терістеліп үлгереді. Қазір бүкіл адамзаттың бар білімі бір жерге шоғырланып жатқан шақта, бір ғана ойды дәлелдейтін де, жоққа шығаратын да дәлел-дәйектердің саны қарапайым адам қорытып үлгере алатынынан асып кетті.
BAQ.KZ редакциясы, адам үшін біресе расталып, біресе терістеліп, үнемі итжығыс болып жататын идеяларды жиып, оқырман назарына ұсынып отыр. Бұл жерде тақырыбымызды жақтайтын да, даттайтын да, жайбарақат қалатын адам үшін де тұғыр беріледі.

Зор құрметпен: Ерлан Оспан, редактор.


ТҮС ЖОРУ. ИСЛАМДА ОЛ ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Психоаналитик. Түс көру – жасырын қалаулардың көрінісі

Адам өміріндегі ең жұмбақ, сырға толы құбылыстардың бірі – түс көру. Көбіміз ұйықтаған кезде миымыз тынығады деп ойлаймыз. Шын мәнінде қалай? Электрофизиология әдістері пайда болғалы ғалымдар ұйықтаған кезде адам миындағы нейрондар белсенді бола түсетінін анықтаған. Осы орайда түс көру, түс жору туралы еліміздері әртүрлі сала мамандарының пікірін оқырман назарына ұсынамыз.

ХІХ ғасырда психология, физиология саласы дамып, түс жору ғылыми сипатқа ие бола бастады. Австриялық психоаналитик Зигмунд Фрейд «түс түсініксіз болған сайын оның мағынасы тереңдей береді» дейді. Ол түс жору барысында ассосация әдісін қолданған және түстегі көріністер адамның жасырын қалаулары, әсіресе сексуалды қалауларын білдіретінін айтады.

Психоаналитик Жанар Оспанованың айтуынша, түс адамның денсаулығынан хабар береді. Тіпті, адамның көрген түсін саралап, оның психикасы қаншалықты ауытқығанын байқап, диагноз қоюға болады екен.

Түс. Оны көру, оны жору. Ғалымдар не дейді? Дінде не айтылған? Психоаналитик Жанар Оспанова

Психоаналитик Жанар Оспанова ©baq.kz

«Түс – ұйықтап жатқан адамның фантазиясы, өзінің сценарийі. Кез келген адам түс көру қабілетіне ие болғанымен, кез келгені оны есте сақтап қала алмайды. Адам әркез анық-қанық, түрлі-түсті түс көре бермейді. Адамның қандай түс көретініне қарап денсаулық жағдайына байланысты диагноз қоюға болады», - дейді ол.

Психоаналитиктер ұйықтар алдында адам қандай сезімде болғанына, не істегеніне мән береді.

«Біз түс жорыған кезде австриялық психоаналитик Зигмунт Фрейдтің «Түс көруді талқылау» еңбегіне сүйенеді. Алдымен ұйықтар алдында адам қандай сезімде жатқанын, қандай әрекет еткенін сұраймыз. Одан кейін қандай көңіл-күймен, қандай сезімде оянғанына мән береміз. Көрген түсін өзі қалай жоритынын сұраймыз. Түске кірген әр заттың символикалық мағынасы бар. Осы орайда еркін ассосация техникасын қолданамыз. Мысалы, ұшақ – бір адам үшін биікке көтерілудің белгісі болса, енді бір адам үшін қауіптің белгісі болуы мүмкін.», - дейді Жанар Қорданқызы.

Сондай-ақ, Жанар Оспанова ислам дінінде айтылатын «Алладан келген түс» пен «шайтани» түстің психоаналитикада қалай аталатынын айтты.

«Алладан келген түс деген – невротиктер көретін, ал шайтани түс деген – психотиктер көретін түс. Қарапайым тілмен айтқанда, невротик – сау адам. Ол шынайы өмір мен қиялды ажырата біледі, жұмыс істеп, отбасын құрады. Ал психотик – психикасы бұзылған адам. Олар шынайы өмір мен қиялын ажырата алмайды, жұмыс істемейді немесе жұмыс істеуге қабілетсіз. Олар ақылға қонымсыз ойлармен жүруі мүмкін, мысалы өзін президент санайды. Невротиктер түсінде не көргенін, қандай әрекет жасағанын, кімді көргенін анық біледі. Олардың көрген түсінде белгілі бір оқиға желісі, байланысы болады. Ал психотиктер бұлыңғыр, ешбір байланысы, оқиға желісі жоқ, шиеленіске толы түс көреді», - дейді психоаналитик.

Қандай түс көрсеңіз де – ол түс өзіңіз туралы ғана хабар береді.

«Кейбір адам туысына хабарласып «Түсімде сені көрдім. Көңілсіз жүр екенсің. Қал-жағдайың жақсы ма?» деп сұрайды. Бұл – дұрыс емес, себебі түсіңізде көрген адамдар өзінің емес, сіздің күйіңіз туралы хабар береді. Мысалы, енесі келініне «Түсімде қызыл көйлек киіп алыпсың, демек қыз табасың» деуі мүмкін. Ал шын мәнінде бұл түс келінінің қыз табатынын емес, бар болғаны енесінің жасырын қалауын, яғни қыз сүйгісі келетінін ғана білдіреді», - дейді ол.

Жанар Оспанованың айтуынша, түс көрмегеннен түс көру – жақсырақ. Себебі, жанының кілті жоқ, көкейіндегі сұрақтың жауабын таба алмайтын адамдар ғана мүлдем түс көрмейді.


ТҮС ЖОРУ. ИСЛАМ ДІНІНДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?

Түс өзіне елітіп, армандарға жетелеп, кейде елеңдетсе, кейде көңілге қорқыныш ұялатады. Түс жору – жүйесі жоқ ғылым, себебі түстің өзі жұмбаққа, құпияға толы. Кітаптардағы мұсылманша түс жору кез келген адамға сәйкес келе береді дегенді білдірмейді. Бірнеше адам түсінде бір затты көргенмен, көңіл-күй, өмір жолы, ойына байланысты әрқалай жоруға болады.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев түс жору ислам дінінде бар нәрсе екенін айтады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың «Менен кейін пайғамбарлық болмайды, бұдан былай сүйіншілеу деген болады» деген хадисі бар.

Исламдағы түс жору. Мұсыманша түс жору. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев ©baq.kz

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев ©baq.kz

«Сахабалар «Сүйіншілеу деген не?» деп сұрағанда пайғамбарымыз «Ол – түс» деп жауап берген. Исламда түс үшке бөлінеді, олар: Алладан келген, шайтаннан болатын және адам өмірінде болып жатқан күнделікті тіршілікке, ойда жүрген нәрсеге қатысты түстер. Мұны қазақ халқы «Түс – түлкінің боғы» деп атайды. Алла тағала бізге түс арқылы өмірде болатын жақсылықтан хабар береді немесе ескертулер айтады», - дейді Бақытжан Өткелбаев.

«Шайтани түс көрген кезде оянған соң соң сол жаққа үш рет «түкіріп», «Ағузу биллаһи минәш шайтанир – ражим» деп, оң жаққа аунап жату керек. Ал өмірдегі жағдайларға байланысты көретін түс туралы айтар болсақ – ондай түс адамның өміріне ешқандай кері әсер етпейді», - дейді наиб имам.

Ибн Сирин деген үлкен ғалым Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с) хадистеріне сүйеніп түс жору туралы кітаптар жазған. Ол кітаптарды басқа да ғалымдар тереңдей зерттеп, дамытқан.

«Мешітке келуші жамағаттың арасында түсін жорытқысы келетіндер де болады. Қазақ халқы да түске өте үлкен көңіл бөлген, ол ислам дінінен келе жатқан нәрсе. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде сахабалар өзінің түсін айтып, жорытып отырған. Бізге түс жорыту мақсатында келген адамның түсін мешіттегі имамдар мен ұстаздар жорып бере алады. Олар арабша кітаптарды түпнұсқа негізінде оқи алады және түс жоруға білімдері жетеді. Имамдардың ішінде де әр саланы терең білетіндері бар», - дейді ол.

Ислам – тек қана құлшылық ету емес. Ислам діні адам өмірінің бар саласын қамтиды.

«Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Ерте жат, ерте тұр» деген өсиеті бар. Күн батқанда мал-жанды жайғастырып, есікті құлыптап, жарықты сөндіріп, бала-шағаны үйде ұстаған дұрыс. Ерте жатқан адам ерте тұрады. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген – пайғамбарымыздың сүннеті. Алланың ризық-несібесі таңғы уақытта болады», - дейді Бақытжан Өткелбаев.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы түс көруге қатысты өз өмірінен мысал келтірді.

«Мысалы, мен отбасы құрардың алдында истихара намазын оқыдым. (Истихара сөзі – бір нәрсенің жақсысын, қайырын, игілігін тілеу. Истихара намазы жақсы істердің қайсысы өз үшін қайырлы әрі жақсы болатындығына рухани ишарат білу мақсатымен оқылатын екі рәкат намаз). Бір аруға сөз салып, отбасы құруға ниеттеніп жүрген кезім еді. Түсімде қазіргі жарыммен қатар отырып, неке суын ішіп жатқанымды және дін жолындағы досым некемізді қиып отырғанын көрдім. Өмірде дәл сол оқиға қайталанды. Бұл – Алладан келген түс», - дейді ол.

Кей адам түсінде қайтыс болған адамды көрсе – шошиды.

«Шын мәнінде өмірден озған ата-анаңды түсіңде көру – жақсылықтың ишараты. Өмірің берекелі болып, жұмысыңда табысқа жететіндігіңнің белгісі. Негізі кез-келген түсті жақсылыққа жору керек. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Шайтан түстеріңе менің бейнемде кіре алмайды» деген. Егер түсіңізде пайғамбарды көрген болсаңыз, шынымен пайғамбарды көрген болып саналады. Ал жын адамның түсіне әртүрлі бейнеде кіре береді. Жаман түс көргенде ешкімге айтпаған абзал, ал айтып қойған жағдайда тек жақсылыққа жору керек», - дейді наиб имам.


© baq.kz, 2019. Автор: Зарина Қаһарманқызы

Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.

Yandex_Zen_Logo.png BAQ.kz Дзенде бар. Оқыңыз.

Бөлісу: