2019 жыл. Әлемдік медицина тап болған кедергілер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылды жаһан елдері көпке дейін ұмытпасы хақ. Әлемді жайлаған ғасырлық індет келтірген, келтіріп те жатқан залалдың салдарын жеңу оңай болмайды. Бұл осы және одан кейінгі жылдардың жүгі. Ал, 2019 әлемдік медицина саласын қандай қыспаққа алған еді, еске түсіріп көрсек.

Эбола

Біздің елге жете қоймаса да, атышулы дерт сонау Африка аймағындағы елдерді, Еуропа мен АҚШ-ты да біраз сарсаңға салды. Дегенмен, белгілі бір кезеңде әр-әр жерден ошағы табылатын Эбола вирусынан туындаған ауру (ЭВТА) адамға және кейбір жануарларға әсер етуі мүмкін. Вирус атауы Конгодағы Эбола өзенімен байланысты, себебі індет алғаш рет осы өзен маңынан тіркелген. Аурудың алғашқы өршуі сонау 1976 жылы Заир мемлекетінде (қазіргі Конго Демократиялық Республикасы) тіркелді, ал 2014-2015 жылдары дерт кең етек жайып, Батыс Африканы тұтас қамтыды.

Ғалымдардың пікірінше, ауруды тасымалдаушылар, сондай-ақ, Эбола безгегінің таралуының негізгі көзі жергілікті тұрғындар ас ретінде жиі пайдаланатын жарқанаттар. Індет адамдарға жабайы аңдардан беріледі және адамнан адамға шырышты қабық немесе терінің зақымдануы арқылы тығыз байланыста болған жағдайда жұғады. Ауру қызба, сары ауру, геморрагиялық синдром, құсу, жүректің айнуы, әлсіздік, бұлшықеттердің ауыруы, бас, тамақ ауруы, диарея, бөртпе және бүйрек жеткіліксіздігі белгілері арқылы білінеді. Індеттің инкубациялық кезеңі 2-21 күн аралығын қамтиды. Аурудың өршуі кезінде өлім деңгейі 90%-ға жетеді. Мамандар аталмыш вирустың бес түрін анықтаған: Бундибуджио (BDBV), Заир (EBOV), Судан (SUDV), Таи Орман (TAFV), Рестон (RESTV - тек жануарларға әсер етеді). Аурудың ауа арқылы таралуы тіркелмеген. 2014 жылы індет кезінде 11 мың адам қайтыс болды. 

4e1e2ddb-cf94-4177-b6fb-9b8ae7e13a30.jpg

2018-2019 жылдары Конго мемлекетінің шығыс аймақтарында тіркелген Эбола безгегі өте ауыр болды, өйткені өңірдегі қоғамдық денсаулық сақтау саласында індетке төтеп беру шараларын қабылдауда әлсіздік бар еді. ДДСҰ ресми сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, 2019 жылдың 17 желтоқсандағы жағдай бойынша ЭВТА-ның жалпы 3 351 жағдайы тіркелді, оның 3 233 жағдайы расталған және 118-і ықтимал жағдай. Оның ішінде 2 217 жағдай өлім-жітіммен аяқталды (жалпы өлім коэффициенті - 66%). Расталған және ықтимал жағдайлардың жалпы санының 56%-ы әйел және 28%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, ал 5%-ы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері болған. Медицина қызметкерлері ауруды Эбола індеті расталған науқастарға көмек көрсету кезінде жиі жұқтырады. Бұл инфекциялық бақылау нормаларын жеткілікті дәрежеде қатаң сақтай алмаған жағдайда, пациенттермен тығыз байланыс нәтижесінде жұғады.

Осы ретте ДДСҰ Эбола безгегі сәбилер арасында неліктен жиі анықталатынына сараптама жасап көрді. Ұйымның дерегінше, 2019 жылдың 17 желтоқсанындағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі балалар барлық расталған ЭВТА жағдайларының төрттен бірін құрады (28%). 1-4 жастағы балалардың үлесіне тіркелген Эбола оқиғаларының 9%-ы, ал 1 жастан кіші балалардың үлесіне тіркелген жағдайлардың 6%-ы тиесілі. Індеттің өршу кезеңінде ЭВТА жағдайларының жас бойынша таралуы салыстырмалы түрде өзгеріссіз қалды. 1-4 жастағы балалар арасында өлім-жітім коэффициенті 78%, ал 1 жасқа дейінгі балалар арасында 70% құраған. Ереже бойынша аурудың белгілері анықталған бетте профилактикалық емдеу мекемесіне балалар ересектерге қарағанда жиі түседі. Алайда, мұндай мекемеге балалардың ерте кезеңнен түсетініне қарамастан, Эболаны емдеу орталығына жіберілетіндер қатарында балалардың үлесі аз. Профилактикалық емдеу мекемесіне түскен барлық пациенттердің ішінде 1-4 жастағы пациенттердің 32%-ы Эболаны емдеу орталығына жіберілмеген және 18 жастан асқан пациенттердің 15%-мен салыстырғанда 1-4 жастағылар орталықтан тыс жерде қайтыс болған. Арнайы көмек мекемелеріндегі төмен көрсеткіштердің себебі терең зерттеуді қажет етеді, бірақ, негізгі себептер қатарында - денсаулық сақтау қызметкерлерінің балалардағы Эбола дертінің белгілерін байқай алмауы және ата-аналар мен балалардың қамқоршыларның баланы Эболаны емдеу орталығына ауыстырудан бас тартуы немесе қаламауы болуы мүмкін. 

Өткен жылдың қазан айында Эбола безгегіне қарсы вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) уақытша тіркеуін алды. Жалпы, Эбола безгегі 1976-2019 жылдар аралығында Конго Демократиялық Республикасы, Сенегал, Мали, Нигерия, Гвинея, Сьерра-Леоне, Уганда, Судан, Габон, Оңтүстік Африка, Либерия, Италия, Испания, Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия, АҚШ елдерінде тіркелген.

Қызылша 

2018-2019 жылдары ЮНИСЕФ планета бойынша қызылша дертінің қарқын алып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. 2019 жылғы 5 қарашадағы жағдай бойынша ДДСҰ әлемнің 187 елінен 2019 жылдың өткен айларында ресми ай сайынғы хабарламалар аясында аурудың 413 308 жағдайы расталғаны туралы ақпарат алды.

17b4a815-a3df-465a-ba46-6f30b1d6467e.jpg

Қызылшаның ірі өршуі Африканың бірнеше елінде байқалды. Мадагаскар мен Нигерияда аурудың төмендеуіне қарамастан өршу жалғасып, жаңа жағдайлар апта сайын тіркеліп жатты. Конго Демократиялық Республикасында 2019 жылғы 17 қарашадағы жағдай бойынша аталмыш дертке шалдықты деген күдікпен 250 270 жағдай тіркелді, оның ішінде 5 110 адам қайтыс болды. Ал, Гвинеяда сол жылдың 13 қарашасындағы мәлімет бойынша 4 690 қызылша дерті тіркеліп, оның 1091-і расталған. Сол сияқты Чадта да елдің 94% өңірінде 25 596 індет жағдайы тіркелген.

2019 жылдың 1 қаңтары мен 17 қарашасы аралығында Ливанда қызылшамен ауырған 1060 жағдай анықталса, сол жылдың 8 қарашасында Йеменде 5 847 жағдай, Суданда 3 659 жағдай, Сомалиде 2 795 жағдай, Пәкістанда 1 978 жағдай, Тунисте 1 367 жағдай, Иракта 1 222 жағдай расталған. Бұл дерт 2019 жылы Еуропаның бірнеше елінде де қарқынды таралды. Сол жылдың 1 қаңтары мен 5 қарашасы аралығында Украина аумағында 56 802 жағдай тіркелсе, екінші орынға 10 126 расталған жағдаймен Қазақстан шыққан. Одан кейін Грузия (3 904 жағдай), Ресей (3 521 жағдай), Түркия (2 666 жағдай) және Қырғызстан (2 228 жағдай) тұр. Сонымен қатар, қызылша дерті Америка елдерінде, Оңтүстік-Шығыс Азия, Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі бірқатар елде байқалды.

Қызылша – кез келген жастағы әлсіз топтағы адамдар ауыратын вирустық ауру. Қауіпсіз және тиімді қызылша вакциналарының болуына қарамастан, бұл дерт әлем бойынша балалар арасындағы өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі болып отыр. Ол вирус жұқтырған адамның мұрнынан, аузынан немесе тамағынан бөлінетін ауа тамшылары арқылы беріледі. Аурудың алғашқы белгілері, әдетте, вирус жұқтырып алғаннан кейін 10-12 күн өткен соң пайда болады. Олар: температураның жоғарылауы, мұрынның ағуы, конъюнктивит, жөтел және ауыздың шырышты қабығындағы кішкентай ақ дақтар. Бірнеше күннен кейін алдымен бет пен мойынның жоғарғы жағында бөртпе пайда болады, содан кейін ол біртіндеп денеге таралады. Әдетте, науқастар 2-3 апта ішінде жазылып шығады.

Қызылшаға қарсы жоспарлы иммундаудың енгізілуіне қарамастан, ол вакцинациямен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеу және популяциялық иммунитеттегі олқылықтар себебінен тұтас әлем бойынша тарала береді. Өршу қаупі популяциялық иммунитеті 95%-дан төмен кез келген елді мекенге қауіп төндіреді. Індетпен күреске қатысты уақытылы және кешенді шаралар жасалмаған жағдайда вирус ошағы пайда болған елдің аумағында және одан тыс жерлерде тарала береді. Бұл инфекция әлемнің кем дегенде бір елінде таралып жатқанда, өзге ел қызылшадан қорғануға қауқарсыз. 

Денге безгегі

Денге безгегі – Судандағы эндемиялық ауру. 2010, 2013 және 2017 жылдары елде бірнеше ауру ошағы тіркелді. 2019 жылдың оныншы қазанында Суданның халықаралық медициналық-санитарлық ережелер жөніндегі ұлттық үйлестірушісі ДДСҰ-ға Кассала штатындағы Денге безгегіне күдікті 99 жағдай туралы хабарлаған. Алғашқы тіркелген науқас денсаулық сақтау мекемесіне 2019 жылдың 8 тамызында қатты қызба, бас ауруы және бірлескен ауырсыну, құсу сияқты белгілермен түскен.

480109c7-e0de-4a2b-8431-49d702e49c73.jpg

2019 жылдың 8 тамызынан 4 қарашасына дейін Денге безгегіне деген күдікпен 1 197 жағдай тіркелді, оның бесеуі қайтыс болды. Ал, ауру елдің жеті штатында тіркелді: Кассала (1 111 науқас; 3 қайтыс болды), Батыс Дарфур (43 науқас; 1 қайтыс болды), Солтүстік Дарфур (29 науқас; 1 қайтыс болды), Қызыл теңіз (9 ауру; қайтыс болғандар жоқ), Оңтүстік Дарфур (3 ауру; қайтыс болғандар жоқ), Гедареф (1 науқас; қайтыс болғандар жоқ) және Солтүстік Кордофан (1 науқас; қайтыс болғандар жоқ).

Пәкістанда бұл ауру туралы алғашқы хабарлама 2019 жылдың 8 шілдесінде Хайбер-Пахтунхва провинциясы, Пешавардағы Хайбер медициналық мектебінің клиникасынан келді. Содан бері Денге безгегі өзге үш провинцияда (Пенджаб, Белуджистан және Синд), сондай-ақ Исламабад пен Азад Джамму және Кашмир аумағында (екі автономды аумақтың бірі) тіркелді. 2019 жылдың 8 шілдесінен 12 қарашасына дейін провинциялар аумағында (Хайбер-Пахтунхва, Пенджаб, Белуджистан және Синд), Исламабад, Азад Джамма және Кашмирде денге безгегінің расталған 47 120 жағдайы тіркелді, олардың 75-і қаза тапты. 2019 жылы Денге безгегінің 339 жағдайы Ямайкада тіркелсе, дәл осы жылы Ауғанстан, Испания, Филиппин, Боливия, Франция және т.б. елдерде де байқалған. 

Денге вирусын жұқтыру қаупінің маңызды факторы - масалардың көбею орындарының адамдардың үй-жайына жақындығы. Денге инфекциясының арнайы емі жоқ, бірақ ерте кезде анықталған және тиісті медициналық көмек көрсетілген кезде одан болатын өлім-жітім деңгейі төмендейді. Жағдайларды уақтылы анықтау және жүргізу есебінен өлім-жітімді азайту мақсатында денсаулық сақтау қызметкерлерін денге безгегінің қауіпті белгілерімен таныстыру жұмыстары жүргізілуі қажет. Денге ауруының алдын алу және онымен күресудің тағы бір маңызды шарты – тасымалдаушылармен күресудің тиімді шараларын жүзеге асыру.

2019 жылы қазақстандықтар қандай аурулармен жиі ауырды?

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, тіркелген жұқпалы аурулар арасында 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жоғары тыныс жолдарының инфекциясы бойынша – 539 228, функционалдық диарея – 12 382, тыныс алу органдарының туберкулезі – 8 438, желшешек – 41 841, тұмау – 2 213, қышыма - 669, қызылша - 576 және көкжөтел бойынша 147 жағдай кеңінен таралған. 

2019 жылы Сібір жарасы ауруының 12 жағдайы тіркелген (2018 жылы - 2 жағдай). Ал, тіркелген аурулар саны бойынша өңірлер арасында ең көп таралу анықталған аймақтар Қызылорда облысында - функционалдық диарея (4 450 жағдай), Нұр-Сұлтанда - тұмау (232 жағдай) және басқа да ішек инфекциялары (1189 жағдай), Алматы облысында - тыныс алу органдарының туберкулезі (889 жағдай) және мерез (412 жағдай), Шығыс Қазақстан облысында-ротавирустық энтерит (187 жағдай), Маңғыстау облысында - педикулез (243 жағдай) тіркелген.

Қазақстандықтар көбіне қандай аурулардан көз жұмады?

Қазақстанның Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті елімізде қан айналымы жүйесі ауруларынан ең көп өлім-жітім байқалатынын хабарлады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 30 360 адам миокард инфарктісі мен инсульттен қайтыс болған. Өлім-жітім рейтингінде екінші кезекте тыныс алу органдарының аурулары тұр, одан 16 306 адам қайтыс болды. Бұған пневмония мен туберкулезден басқа, ондаған ауру түрі кіреді. Үшінші орында қатерлі ісік. Қорқынышты ауру 2019 жылы 14 696 қазақстандықтың өмірін қиды. Көптеген өлім-жітім апаттарға байланысты: жарақат немесе улану. Бұдан 12 081 адам қаза тапқан. Қауіпті аурулардың бестігіне қарапайым тұмау, жіті респираторлы вирусты инфекця (ЖРВИ) және пневмония кіреді. Қазақстанда 2019 жылы барлығы 4 164 адам инфекция шабуылына төтеп бере алмады.

ДДСҰ: Ұжымдық денсаулыққа қатер төндіретін он қауіп

2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) адамзаттың ұжымдық денсаулығына қатер төндіретін он қауіпті тізіп берді. 

d17a87b0-41c4-44d3-9dad-4209c4c706b4.jpg

Ауаның ластануы және климаттың өзгеруі

Бүгінгі таңда планета халқының тоқсан пайызы ластанған ауамен дем алып отыр. ДДСҰ мамандарының пікірінше, бұл адам денсаулығына ең үлкен экологиялық қауіп. Микроскопиялық бөлшектер тыныс алу және қанайналым жүйелеріне еніп, өкпе, жүрек және ми тіндеріне зақым келтіреді, сондай-ақ, қатерлі ісік, инсульт, жүрек және өкпе аурулары сияқты ауруларды тудырады. Бұл аурулардан болатын өлім-жітімнің 90 пайызы төмен және орташа табысы бар елдерге келеді. Бұл атмосфераға зиянды шығарындылар көлемінің жоғары болуына байланысты.

Эмиссиялардың тағы негізгі көздерінің бірі - қазба отынын жағу - климаттың өзгеруінің басты себебі болып отыр, ол адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Сарапшылар 2030-2050 жылдар аралығында климаттың өзгеруі салдарынан болатын дұрыс тамақтанбау, безгек, диарея сияқты жайттар жылына қосымша 250 мың адамның өмірін қияды деп есептейді.

Инфекциялық емес аурулар

Инфекциялық емес аурулардың, соның ішінде қант диабеті, қатерлі ісік және жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының нәтижесінде жыл сайын әлемде 41 миллион адам қайтыс болады. Бұл әлемдегі барлық өлім-жітімнің 70 пайызы. 15 миллион адам мерзімінен бұрын, 30-69 жас аралығында көз жұмады.

Мерзімінен бұрын қайтыс болу жағдайларының 85 пайызы төмен және орташа табысы бар елдерге тиесілі. Аурудың өсуі бірнеше негізгі фактормен байланысты: темекі шегу, физикалық белсенділіктің төмендігі, алкоголь пайдалану, дұрыс тамақтанбау және ластанған ауа. Бұл факторлар психикалық денсаулыққа да әсер етеді. Психикалық аурулар көбінесе, 14 жасқа дейін пайда болады, бірақ көп жағдайда оның белгілері байқалмайды. 15-19 жастағы жасөспірімдер арасындағы өлім-жітімнің екінші себебі – суицид.

Тұмау пандемиясы

ДДСҰ ғаламды кезекті тұмау пандемиясы күтіп тұрғанын мәлімдейді. Бұл қашан болатыны және дағдарыс қаншалықты ауқымды болатыны белгісіз. Мұндай қауіпті еңсерудегі дайындық деңгейі әрбір елге жеке байланысты. Пандемияға төтеп беру жолында болған әлемнің кез-келген нүктесіндегі сәтсіздік жаһан елдеріне қауіп төндіреді. ДДСҰ тұмау вирусының айналымдағы штаммдарын үнемі бақылап тұрады, бұл ауқымды індеттің ықтимал қоздырғышын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бақылауды әлемнің 114 еліндегі 153 ғылыми мекеме мамандары жүргізеді. 

Әлем халқының осал топтары

1,6 миллиардтан астам адам немесе әлем халқының 22 пайызы қақтығыс, құрғақшылық, аштық немесе жаппай қоныс аудару сияқты факторлармен байланысты ұзаққа созылған дағдарыстар жағдайында өмір сүріп жатыр. Осы және өзге де себептер немесе олардың комбинациясы салдарынан, әдетте, адамдардың медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндігі болмайды. Мұндай қолайсыз ошақтар әлемнің барлық дерлік аймағында бар. Дәл сондай жерлерде, мысалы, ана мен бала өлімін азайтуға байланысты тұрақты даму мақсатын орындауға қол жеткізу қиынырақ.

Антибиотиктерге төзімділік

Антибиотиктер – дәрігерлер арсеналындағы маңызды құралдардың бірі. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибактериалды дәрі-дәрмектерді теріс пайдаланудың ауыр салдары туралы көптен бері ескертіп келеді. Дәрігерлер мен ветеринарлар мұндай дәрілерді тым жиі және қажетсіз жағдайда тағайындайды, сонымен қатар, фермерлер мен агрономдар да ойланбастан қолданады. Нәтижесінде микробтар осы препараттарға «бейімделеді» және кейін оларға төтеп бере алмайды. Әлемде антибиотиктерге төзімділік кедей елдерде де, дамыған елдерде де өсуде. Бұл құбылыстың саяси, әлеуметтік және экономикалық салдарын асыра бағалау қиын. Ғалымдардың болжамы бойынша, егер шұғыл шаралар қолданылмаса, ғасырдың ортасына қарай аурулар жыл сайын миллиондаған адамның өмірін қиюы мүмкін. Мысалы, адамзат жыл сайын 10 миллион адам жұқтырып, 1,6 миллион адам көз жұматын туберкулезбен күресуге қабілетсіз болады.

Эбола және басқа да қауіпті инфекциялар

2018 жылы Конго Демократиялық Республикасында екі Эбола ауруы пайда болды және екі рет инфекция миллионнан астам халқы бар қалаларда тарала бастады. Зардап шеккен провинциялардың бірі - белсенді соғыс аймағы еді. Халықтың тығыздығы мен қақтығыс инфекциямен күресті едәуір қиындатады. Аурудың бұған дейінгі ошақтары негізінен ауылдық жерлерде байқалды, сондықтан оларды жеңу оңайырақ болды. Қазіргі таңда, урбанизацияға байланысты қалалық жағдайда инфекцияға дайын болу мәселесі өзекті болып отыр.

ДДСҰ денсаулық сақтау саласына қауіп төндіретін және төтенше жағдайлар тудыруы мүмкін аурулар мен қоздырғыштардың тізімін жасады, бірақ дәрігерлердің арсеналында тиісті вакциналар да, оларды емдеудің дәлелденген әдістері де жоқ. Бұл тізімге Эбола, Зика, Нипах вирусы, Таяу шығыс респираторлық синдромының коронавирусы (БВРС-КоВ), ауыр жедел респираторлық синдром (SARS) және ауыр індет тудыруы мүмкін жаңа зерттелмеген қоздырғыш Х ауруы енді.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек – бұл адам денсаулығына өмір бойы кешенді қамқорлық жасау. Бұл тәсіл денсаулықты нығайту мен аурудың алдын алудан бастап емдеуге, оңалтуға және паллиативті күтімге дейінгі барлық аспектілерді қамтиды.

Әлемдік көшбасшылар алғаш рет 1978 жылы Алматыдағы тарихи конференцияға жиналып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін нығайтуға қатысты ойларын ортаға салды. Алайда, содан бері өткен 40 жыл ішінде әлем бұл салада айтарлықтай жетістікке жете қоймады. Кем дегенде, әлем халқының жартысы инфекциялық және инфекциялық емес ауруларды емдеу мен алдын алу, репродуктивті денсаулық, әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау сияқты ең қарапайым қызметтерге қол жеткізе алмай келеді. 2018 жылдың қазан айында әлем елдерінің өкілдері тағы да Қазақстанға – Астанаға жиналды. Олар планетаның барлық тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету шараларын нығайтуға келісті. 

2e3913e3-8529-47e6-9ccc-251728ed84f8.jpg

Вакцинациядан бас тарту

Вакцинациядан бас тарту адамзаттың инфекциялармен күрестегі барлық жетістіктерін жоққа шығарады. Вакцинация – аурудың алдын алудың ең қарапайым және тиімді әдісі. Бұл жылына 3 миллионға дейін өлімді болдырмауға көмектеседі. Егер адамдар мейлінше көп екпе салдырса, тағы 1,5 миллион өлімнің алдын алуға болады. Адамдар вакцинациядан түрлі себеппен бас тартады. ДДСҰ сарапшылары себептердің ең көп тарағандарын анықтады: менмендік – бұл аурудың оларды айналып өтетініне деген шексіз сенімділік; вакциналардың қол жетімсіздігі; сондай-ақ, екпеге деген сенімнің жоқтығы. ДДСҰ-ның мәліметінше, вакцинация туралы шешім қабылдаған кезде адамдар дәрігерлердің кеңесіне көбірек сүйенеді, әсіресе жергілікті, мысалы, учаскелік медбикелер. Сондықтан, оларды пациенттерге сенімді ақпарат бере алатындай дайындау керек. 

Денге

Денге – бұл масаның шағуы арқылы берілетін ауру. Ол тұмауға ұқсас белгілерді тудырады және жағдайлардың 20 пайызында өлім-жітімге әкеледі.

Аурудың өршуі негізінен Үндістан мен Бангладеш сияқты елдерде жаңбырлы маусым кезінде байқалады. Соңғы уақытта жағдай айтарлықтай нашарлады. 2018 жылы денгеден болған өлім-жітім көрсеткіші жиырма жыл ішінде ең жоғары деңгейге жетті. Әлем халқының шамамен 40 пайызы денге безгегімен ауырады, ал жыл сайынғы инфекцияның жаңа жағдайларының саны 390 миллионға жетеді. 

АИТВ
225abb8e-63c8-45d2-906f-feaf920da0a2.jpg

Жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісімен (ЖҚТБ-СПИД) күресу шаралары өз жемісін беріп келеді: қазір жұқтырғандардың шамамен 75 пайызы ауру туралы біледі. 2015 жылы бұл көрсеткіш 67 пайызды құраған. Сонымен қатар, адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) өмір сүретін барлық адамдардың төрттен бірі – бұл 9,4 миллион адам-олардың мәртебесі туралы әлі білмейді. 2017 жылы антиретровирустық терапияны қабылдаған жұқтырғандардың саны артты: 2015 жылы бұл көрсеткіш 17 миллион адамды құрады, ал 2017 жылы 22 миллионға жуық, яғни барлық жұқтырғандардың 59 пайызы. Алайда, инфекция таралуын жалғастыруда, жыл сайын одан миллион адам қайтыс болады. Эпидемия басталғалы бері планетаның 70 миллион тұрғыны аталмыш дертті жұқтырып, оның 37 миллионы қайтыс болды.

Түйін. 2019 жылы ДДСҰ денсаулық сақтау саласындағы 13-ші жаһандық бағдарламасын бастады. Ол үш миллиард адамға арналған: медициналық сақтандыруы бар адамдар саны миллиардқа артуы керек, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардан қорғалғандар саны да миллиардқа артуы керек және 2023 жылға қарай планетаның тағы бір миллиард тұрғыны өздерін сау сезінуі керек. Тек бұл мақсаттарға жету үшін, әлем алдында ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы ең ауыр қауіптерді жою міндеті тұр.
Загрузка...