Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жарма ауданының Аршалы ауылында су желісі іске қосылып, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылды. Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Тәуелсіздігіміздің үшінші он жылдығына қадам басқан маңызды мерекені Аршалы ауылының тұрғындары да ерекше қуанышпен қарсы алды. Мұнда да орталық су желісі салтанатты түрде іске қосылып, таза ауыз су әрбір тұрғын үйлерге жетті. Жиылған көпшіліктің алғысын білдірген білім беру саласының ардагері Рысқайша Қайранова елімізде ауылдардың әлеуетін көтеруге үлкен бетбұрыс қалыптасқандығын алға тартып, оның айқын көрінісіне бүгінде куә болып отырғандығын айтты, - дейді аудан басшысы.
Айта кетсек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бүгінде Кіші Қарасу ауылында орталық су желісі құрылысы жүруде. Аудан әкімінің айтуынша, бұл нысан келер жылы қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, алдағы уақытта су тапшылығы бар Сұлусары және Жарықтас ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Осылайша ауданда ауыз су мәселесі толық шешілетін болады.