Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысында хирургиялық операция кезінде көз жұмған науқас өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Арқалық қаласында болған бұл оқиға бойынша тиісті тергеу амалдары басталды.
Фармацевтикалық бақылау департаментінің мамандары қазір оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар облыстық ішкі істер департаменті тиісті қылмыстық іс қозғады. Тексеру аяқталған соң, біз ресми қорытындыны ұсынамыз. Қазір полиция тарапынан нақты мәлімет таратылған жоқ, алайда біздің министрліктен арнайы маман жіберілді, — деді министр Үкіметте өтіп жатқан баспасөз брифингінде.
Еске салайық, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Арқалықта ота кезінде науқас қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, дәрігер операция кезінде алкогольдік мас күйде болған деген күдік бар.
Қостанай облыстық ауруханасында жасалған хирургиялық операция қайғылы жағдаймен аяқталған. 61 жастағы ер адам операция үстелінде көз жұмған.