Арнайы операцияның нәтижесінде есірткі жеткізу арнасы жойылды

8 Шілде 2022, 20:16
1194
Бөлісу:
Арнайы операцияның нәтижесінде есірткі жеткізу арнасы жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында және ұзақ уақыт бойы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде елорда аумағына аса ірі көлемде есірткі заттарын жеткізіп, сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің үйлестірілген іс-қимылдарының арқасында елордаға кіре берісте Қарағанды-Нұр-Сұлтан тас жолында 36 жастағы жүргізушінің басқаруымен «Тойота Еstima» маркалы автокөлік ұсталды, оның салонынан салмағы 16 келіден асатын «гашиш» табылып, тәркіленді. Көліктің ішінде қылмыстық топтың 23 жастағы ұйымдастырушысы мен 20 жастағы сыбайласы болған. Күдіктілер дәрі-дәрмекті Шу қаласынан әкеліп, елордада сатпақ болған. Бұл есірткі құралдарының бағасы «қара нарықта» 16 млн.теңге болар еді.

Сондай-ақ, арнайы операция барысында полиция қызметкерлері тас жолда 27 жастағы жүргізушінің басқаруымен «Тойота Камри-50» маркалы автокөлікті тоқтатып, одан жеке тінту барысында «гашиш» тәркіледі. 

Жүргізілген операцияның нәтижесінде заңсыз айналымнан 16 келіден астам «гашиш» есірткі заты тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 2-бөлігі «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Ұсталғандар қамауда, тергеу жүргізілуде.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Акбаровтың айтуынша, елордаға есірткі құралдарын әкелуге жасалған барлық әрекеттердің жолы қатаң түрде кесілетін болады.

 Егер сізде есірткінің заңсыз айналымына байланысты фактілер туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға «102» телефон нөмірі бойынша хабарласыңыз.

Өзгелердің жаңалығы