Елімізде «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінгені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, 5,5 мың жас баспаналы болды.
Жастарды қолдау мақсатында да кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде негізгі мәселе – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. “Наурыз” және “Отау” тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 5,5 мың жас жаңа үй алды, - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Сонымен қатар вице-премьер биыл жұмысшы жастарды демеу үшін «Наурыз жұмыскер» банк өнімі іске қосылды деп отыр. Облыстарда жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар жастарға үлкен мүмкіндік беруде. Үкімет бұл жұмыстарды әрі қарай жүйелі түрде жалғастыратын болады.