Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей Федерациясының Псков облысында өтіп жатқан «Десанттық взвод» конкурсының эстафетасы барысында Қарулы Күштердің десантшылары рекордтық нәтиже көрсетті, деп хабарлады «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
«Десанттық взвод» сайысының төртінші кезеңі кедергілер жолағы мен атыс сынағымен қиындатылған бөлімшелердің эстефетасынан басталды. Маршруттың ұзындығы 5 шақырым. Оның барасында взводтың үш бөлімшесі кезектесіп жүгіру жолағына шығады. Маршруттың бел ортасында десантшылардың кедергілер жолағы мен атыс межесі болды. Десантшылар осы арақашықтықты 8 килограммнан кем емес жүкпен өтуі қажет.
"Старт межесіне екі елдің десантшылары қатарласа шығып отырды. Біздің десантшылар Беларусь Республикасымен таласқа түсті. Екі елдің бірінші бөлімшелері мәре сызығына бірге келді. Өз кезегінде екінші бөлімше 200 метрге суырылып алға шықса, үшінші бөлімше басымдылықты 500 метрге дейін жеткізді. Эстафета қортындысы бойынша қазақстандық десантшылар 21 қатысушы елдің арасында уақыт бойынша үздік нәтиже көрсетті, алайда атыс межесінде олқылық көрсетіп, біраз айып баллдар алып қалды. Нәтижесінде Ресей мен Қытайды алға жіберіп алып үшінші орынға табан тіреді. Ендігі кезекте сайыстың шешуі сынақтары, БМД-2 әскери техникасындағы эстафета мен парашютпен дәлдікке секіру қалды. Осы уақытта қазақстандық десантшылар үшінші орын үшін Иран және Қытай мемлекеттерімен таласуда", - делінген таратылған ақпаратта.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері 3-17 тамыз аралығында Халықаралық армиялық ойындарға қатысуда. Конкурстар 10 мемлекеттің аумағында өтуде.