Армениядан келген автомобильдерге екі рет салық салынбайды

19 Сәуір 2021, 15:01
2040
Бөлісу:
Армениядан келген автомобильдерге екі рет салық салынбайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Армениядан көлік әкелген және Қазақстан Республикасында есепке қойған азаматтар заңнамаға сәйкес көлік салығын төлейді, деп хабарлады Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

2006 жылғы 6 қарашадағы Табыс пен мүлiкке салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстан және Армения Қаржы министрліктері қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында көлік құралдарына салық салу бойынша өзара уағдаластыққа келді.

Біздің азаматтарымыз ел аумағына әкелген автомобильдер бүгінгі күнге дейін Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркеу есебінен шығарылмағандықтан, екі мемлекет те осындай көлік құралдарына салық салуға үміткер бола алады. Осылайша, келіссөздер нәтижесінде Армения Республикасынан 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген, меншік құқығы бойынша Қазақстан Республикасының резиденттеріне тиесілі автомобильдерге Конвенцияның 21-бабы 4-тармағының ережелеріне сәйкес Ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қойылған сәттен бастап ұлттық заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында ғана салық салынуға жатады деген уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы мақсаттар үшін екі мемлекеттің салық органдары Қазақстан Республикасында тіркелген күнін көрсете отырып, тіркелген көлік құралдары бойынша мәліметтер алмасуды жүргізетін болады. Мұндай көлік құралдарына қатысты қосарланған салық салу туындамайды, - делінген ҚМ хабарламасында.

Салық кодексінің нормаларына сәйкес көлік салығын төлеу міндеті көлік құралын мемлекеттік органдарда есепке қойған кезден бастап туындайды.

Мысалы, егер көлік құралы 2020 жылғы 1 қарашада тіркеу есебіне қойылса, 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей 2020 жылғы қараша мен желтоқсан үшін бюджетке көлік салығын төлеу қажет.

Олай болмаған жағдайда әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеу жүзеге асырылады.

Өзгелердің жаңалығы