Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облыстық полиция департаменті хабарлағандай, Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу науқаны басталғалы осы көліктерге қатысты «түзетілген» 5 жалған техникалық төлқұжат анықталды.
Мамандандырылған ХҚКО-дан полиция департаментіне жалған құжат жасаудың бес фактісі бойынша материалдар түсті. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы (Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе сату) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал бұл құжаттар сараптамаға жіберілді, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде жалған техникалық құжат жасалған көліктер Атырау ҚПБ айыптұрағына қойылады.
Бұдан бұрын Атырауда Армениядан әкелінген көлікке жалған техникалық құжатты тапсыру кезінде ер адам ұсталған.