Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстандағы ауыр дертке шалдыққан балалардың тілектерін орындау мақсатында «Тілектер ағашы» республикалық акциясы бастау алды.
Бұл туралы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Іс-шара «Армандар орындалады» акциясын жүзеге асыру аясында өткізілді.
Әлеуметтік жобаны Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Медицина жастары» РҚБ «Menin Armanym» КҚ-мен бірлесіп жүзеге асыруда. Тапсырыс беруші – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Бүгін алғашқы «Тілектер ағашы» Алматыда Мақатаев көшесі, 127/1 мекенжайы бойынша орналасқан «MEGA Park» СОО-ға қойылды.
Қаланың кез келген тұрғыны мен қонағы акцияға қатысып, балалардың бір немесе бірнеше тілегін орындай алады.
Қазақстанда 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Олардың амандығы-Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі. Ауыр дерті бар балалардың тілегін орындауға бағытталған «Армандар орындалады» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерін қамтитын болады. Біз акциямыз арқылы балалардың тағдырына бей-жай қарай алмайтын мейірімді де жанашыр жандарды жұмылдыра аламыз, - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында белгілі болғандай, ауыр дертке шалдыққан балалардың тілектері жазылған «Тілек ағаштары» жуырда Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының сауда-ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ, еліміздің 14 өңірінде пайда болады.
Айта кетейік, «Армандар орындалады» республикалық акциясы бүкіл Қазақстан бойынша ауыр дертке шалыдққан 100 баланың тілегін орындауға мүмкіндік береді.