Әріптестері Айдостың айбынды жігіт болғанын айтады

10 Қыркүйек 2022, 15:54
2238
Бөлісу:
Әріптестері Айдостың айбынды жігіт болғанын айтады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Абайлық өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың тілсіз жаумен күресте қаза тапқаны туралы суық хабарды ел жұртшылығы ауыр қабылдады. Еліміздің түкпір-түкпірінде өрт шығып, көпшіліктің үрейін ұшырып тұрған қазіргі кезеңде бұл оқыс оқиға жығылған үстіне жұдырықтай болған еді. 

7 қыркүйекте Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі аумағында болған өртті сөндіріп жүрген сержант Айдос Тоғызбаев қатты күйікке шалынған. Далалық жерде қураған бұта-шөптің жанып жатқаны жөніндегі қоңырау сағат 13:35-те түскен болатын. Оқиға орнына дереу Әуезов кентіндегі №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жеткен.

Өртті өшіру барысында қатты жел ұйытқи соғып, қайта-қайта бағытын өзгертеді. Салдарынан бір өрт сөндіру машинасын және оған су тасып жүрген көлікті жалын шарпиды.

Апатты жою кезінде биіктігі екі метрлік қарағаштар өртеніп, техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранды. Автоцистерна мен су тасымалдайтын «Камаз» машинасы толық жанып кетті. Салдарынан, оттың ортасында қалған өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков, жүргізуші Айдос Тоғызбаев, құтқарушы Сәлімжан Нұрлан түрлі дәрежедегі күйік алып, Шар қаласының ауруханасына жөнелтілді, – деп түсініктеме хабар таратты Төтенше жағдайлар департаменті.

Өкінішке қарай, дәрігерлердің күш салғанына қарамастан денесінің 95 пайызын өрт шалған Айдос Тоғызбаев көп ұзамай жан тапсырды. Ол небәрі 36 жаста еді, артында жары мен бес бірдей баласы қалды.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Айдос Тоғызбаевтың отбасымен кездесіп, көңіл айтты.

Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Айдос Тоғызбаевтың үй-ішіне қажетті көмек көрсетіледі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Белгілі болғандай, аталған отбасының жеке баспаналары жоқ болып шықты, олар Семейдің іргесіндегі саяжай аумағында тұрады екен. Іле семейлік «Фирма Азия» құрылыс компаниясы марқұмның отбасына Семейдің Қарағайлы ықшам ауданынан үш бөлмелі пәтер беретінін мәлімдеді.

Бүгін танытқан батылдығы мен жанқиярлығы үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев Президент Жарлығына сай үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Айдос Үржар ауданының Қабанбай ауылында туған болатын. Азаматтық қорғау органында 2019 жылдан қызмет атқарып келген. Семейде тұрғанымен Әуезов кетіне барып-келіп жүріп еңбек етіпті.

Айдос аға қарапайым, кішіпейіл адам болған еді. Әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет танытып жүретін. Бойындағы нағыз ер жігітке тән шыдамдылық, табандылық, батылдық, қайсарлық секілді игі қасиеттермен дараланып тұратын. Тілсіз жаумен тайсалмай күресуі, от құрсауында қалса да соңына дейін алаумен арпалысуы да оның осы бір өжет мінезін аңғартады. Ол – Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген жоғары марапатына әбден лайық жан. Әріптесіміздің қазасы бәріміздің де қабырғамызды қайыстырып кетті. Бүгін марқұмды жер қойнына тапсырдық. Артында бес баласы қалды, – дейді бізге берген сұхбатында №22 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Әділет Болатов. 

Атап өтерлігі, өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне тікұшақ көмегімен ауыстырылған, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Ал, Сәлімжан Нұрланның қолдары күйген, ол Шар ауруханасында жатыр.

Өзгелердің жаңалығы