Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әріптесін өлтіріп, орманға көміп тастаған: Ақмола облысында сот үкімі шықты

8 Қазан 2025, 11:15
319
Бөлісу:
 - архив
Фото: - архив

Ақмола облысында ер адам әріптесін өлтіріп, мәйітті орманға апарып көміп тастаған. Сот әріптесін өлтірген ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылғы мамыр айында 22 жастағы күдікті жұмыстан кейін әріптесін көлігімен үйіне жеткізбекші болған. Жолда екеуінің арасында жанжал шығып, олар гараждардың жанына тоқтап, өзара қарым-қатынасты анықтанған. 

Келіспеушілік кезінде әріптесі жерде жатқан белгісіз пышақты алып, оны сермей бастаған. Күдікті онымен алысып, зардап шегушіні мойнынан қылқындырған. Кейін пышақты тартып алып, оны мойнына бірнеше рет сұққан.

Одан кейін мәйітті орманға апарып, топырақпен көміп тастаған. Кейін көлік жуу орнына барып, автокөлігін қан іздерінен тазартқан.

Бір аптадан соң ер адам өз еркімен полицияға барып, мәйіттің қай жерде көмілгенін көрсеткен және жасаған қылмысын мойындаған.

Оның кінәсі өз еркімен келіп мойындауымен, оқиға орнын және мәйітті қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, ұялы телефонды тексеру нәтижелерімен, көлік жуу орнындағы бейнебақылау жазбаларымен және өзге де іс материалдарымен дәлелденді.

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының өз еркімен келіп, кінәсін мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Сот үкімімен ер адам 10 жыл бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, қайтыс болған әріптесінің кәмелетке толмаған балалары мен әкесінің пайдасына моральдық зиян ретінде әрқайсысына 7 млн теңгеден, материалдық шығын мен өкілдік шығын ретінде 1,5 млн теңге өндірілді, – делінген Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы