Шымкентте Қазақстанды арманындағы автоүймен аралауды мақсат еткен отбасы тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шетелде жылжымалы үйде тұру таңқалатын дүние емес. Біздің елімізде де көлікті үй етіп, оған қызығушылық танытатындар аз емес. Олардың бірі - Шымкенттік отбасы Нұржігіт пен Томирис. Олар өз армандары үшін алыс жол жүріп, біршама энергия жұмсағанын айтады.
«Отау құрғанымызға 2 жарым жылдай уақыт болды. Жолдасым екеуміз басқа елдегі автоүйдің тұрғындарын көріп, қатты қызығатынбыз. Уақыт өте сол арманымызға жету үшін Шымкент қаласынан арнайы Қарағандыға барып осы көлікті сатып алдық. Ішін өз қалауымызша жөндеп алдық»,-дейді Томирис.
Жас отбасыға арманындағы көлік шамамен 4,5 млн теңгеге түскен. Айтуынша, бұл жылжымалы үйге қызығушылық танытып жатқандар көп.
«Өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған. Көлік ішінде су, свет, газ, тоқ, дәретхана, жылу барлығы бар. Қоғам да біздің осы өмірімізге қызыға қарайтынын байқадым.Әлеуметтік желілерде жақсы пікірлер жазып, біздің де арманымыз деп жатады»,-дейді ол.
Сонымен қоса бұл жылжымалы үй саяхат жасауға ыңғайлы дейді ол.
«Қазақстанда әдемі, көрікті, туристік жерлер өте көп. Біздің мақсатымыз осы автоүй арқылы сол жерлерге саяхат жасау болып табылады. Отбасымыз да біздің бұл шешімімізді қолдайды»,-дейді ол.