Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста депутат ұлттық спортты жастар арасында дамыту керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров жастарды ұлттық спортқа тарту және осы салада кәсіби маман даярлау мәселесін көтерді.
Жастарды ынталандыру бағытындағы жұмысты күшейтуіміз керек. Қаладағы жастарды асық ойнау, тоғызқұмалақ, көкпар сияқты ұлттық спорт түрлеріне баулу арқылы олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырамыз. Жастар арасында жарыстар ұйымдастыру – мәдени кодымызды сақтау мен өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің бір жолы. Бұл – тек спорт емес, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін насихаттайтын маңызды құрал. Сол себепті, елді мекендерде арнайы стадиондар мен ұлттық спорт орталықтарын салып, жаттықтырушылар дайындау жүйесін жолға қою қажет. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға тиіспіз, – деді депутат.